Super User

Super User

Мас халде автокөлік басқарған азамат қамауға алынды

Бәйдібек АПБ-ның полиция қызметкерлері "Қауіпсіз жол" іс шарасы кезінде аудан көшелерінің бірінде түнгі уақытта артқы жарық шамы жанбай келе жатқан «Ваз-2101» маркалы автокөлігін көреді. Содан жергілікті патрульдік полиция тобының инспекторы полиция лейтенанты Талғат Маратұлы Әскер жүргізушіні тоқтатып тексеру барысында жүргізушінің мас халде екеніне күдіктенеді. Белгілі болғандай, көліктің иесі 2019 жылдың қазан айында соттың қаулысымен ҚР ӘҚБтҚ-нің 608-бабына сәйкес көлік басқару құқығынан айырылғаны анықталды.

Тәртіп сақшысы осы жайтты нақтылау үшін, жүргізушіні сараптамадан өткізді. Куәландыру қорытындысы автокөлік жүргізушісінің мас екенін растады.

Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 346-бабымен «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» тіркеді. Ер азамат қамауға алынып, оған қатысты іс-құжаттар сотқа жолданды.

 

Келес:Егістік алқаптан бұқа ұрлаған күдікті азамат анықталды

Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның жайылым жерде жүрген бұқасын белгісіз біреу жасырын жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 120 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алды.

Хабарлама келіп түскен бойда тәртіп сақшылары бірден іске кірісті. Полицейлер мал ұрлығы қылмысын ашу үшін қажетті жұмыстардың барлығын жүзеге асырды. Олардың жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды.

Ол жергілікті тұрғын болып шықты.

Белгілі болғандай, ер адам қаржы қажеттілігіне байланысты осындай әрекетке барған. Ол егістік алқаптары көршілес орналасқан жәбірленушінің бұқасын арбаға байлап алып кеткен. Ірі қара малды сатып ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Облыс полицейлері тұрғындарға мал ұрлығының алдын алу үшін малдарыңызды қараусыз жібермеуді ескертеді.

 

Түркістан облысының полицейлері көліктен жолаушыға тиесілі шолақ мылтық тәркіледі

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, түрлі қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында, облыс орталығының полицейлері мен басшы құрамы рейдтік-профилактикалық жұмыстарды атқаруда. Осындай кезекті тексеріс кезінде Түркістан ҚПБ бастығының орынбасары полиция капитаны Тастемір Ілияс пен патрульдік полиция қызметкерлері Жібек жолы көшесі бойында, түнгі сағат 21:40 шамасында «Skoda Superb» маркалы көлікті тоқтатады.

Себебі көлік жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпай келе жатқан. Одан әрі полицейлер жүргізушінің құжаттарын тексеріп, көліктің ішінен қаруды байқады. Оқиға орнына бірден жедел-тергеу тобы шақыртылып, аталған жайт ҚР ҚК-нің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша тіркелді.

Жүргізушіден жауап алу барысында қару қасындағы жолаушы, яғни досына тиесілі екені анықталды. Ал күдікті жас жігіт болса, қаруды тауып алғанын жеткізді. Куәлардың қатысуында алынған қару, қосауызды 16 калибрлі қолдан жасалып, нөмірі өшірілген шолақ мылтық болып шықты. Айғақты зат ретінде алынған қаруға сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Бүгінгі таңда күдікті жолаушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға атыс қаруын қолданумен қылмыс жасағаны, сондай-ақ атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны және өткізгені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Жол ережесін бұзған жас жігіттер жауапқа тартылды

Күнделікті әлеуметтік желіге мониторинг жүргізіп отыратын Түркістан облысы ПД қызметкерлері, кезекті жұмыс күні «Тик ток» қосымшасынан «БМВ» маркалы автокөліктердің үлкен жолдың қақ ортасында ҚР Жол жүрісі ережесін өрескел бұзғаны туралы бейнежазбасын анықтады. Бейнежазбаны бірден назарға алған полицейлер, құқық бұзушыларды анықтауға кірісті.

Нәтижесінде оқиға Сайрам ауданы Ақсукент ауылының Жібек жолы көшесіндегі бағдаршамның бойында орын алғаны белгілі болды. Онда жолда, яғни бағдаршамның тұсында қатар тұрған екі "БМВ" маркалы көліктер авариялық жағдай туындатып, жылдамдықты арттырып, түтіндетіп қатты жылдамдықпен жүрген.

Осылайша олар жол ережесін бұзып, заңсыздыққа жол берген. Бейнежазбаны мұқият тексерген полицейлер, көліктерді іздестіріп, тез арада иелерін анықтады және заң аясында жауапкершілігін қарады.

Яғни авариялық жағдай туғызған «БМВ-525» маркалы көлік жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК-нің 606-бабы 1-бөлігі, 230-бабының 2-бөлігі, 614-бабының 1-бөлігі, 590-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырды. Ал жол ережесін бұзған екінші «БМВ 530І» маркалы жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 5-бөлігі, 599-бабының 2-бөлігі, 614-бабымен 3 бірдей хаттама түзді. Екі көлікте айыптұраққа қойылды. Бүгінде қос жас жүргізушілер жасаған әрекеттерін мойындап, сол үшін көпшіліктен кешірім сұрады. Сондай-ақ алдағы уақытта қайталамауға уәде берді.

Өз кезегінде Түркістан облысы полицейлері жолда жылдамдықты асырмауға, маневр жасау қағидаларын бұзбауға, мүмкіндігінше сақтық шараларын қолдануға кеңес береді. Жоғарыдағыдай теріс әрекет жасап, өз өмірінен бөлек, өзге де көлік жүргізушілеріне қауіп төндіріп, жол бойында кедергі келтірудің соңы жақсылыққа апармайтынын ескертеді.

Осы RSS каналға жазылу