Super User

Super User

Полицейлер Түркістан қаласының көшелерінде профилактикалық рейд жүргізді

"Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Түркістан қалалық ПБ ЖПҚ патрульдік полиция қызметкерлері облыс орталығының жолдарында жүргізушілердің жол жүру ережелерін сақтауы бойынша кезекті рейд өткізді. Шараға Түркістан облысы ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Бағланбек Айтпаев қатысып, патрульдік полиция экипаждарының қызмет атқаруға және қойылған міндеттерді орындауға дайындығын тексерді. Сондай-ақ, рейдте "Автоураган" жылжымалы мобильді кешені іске қосылды, бұл жол қозғалысы ережелерін бұзушылар мен көліктер арасында айыппұл төлемегендерді жедел анықтауға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде тәртіп сақшылары жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол апаттарын азайту, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау, жолдарда, әсіресе түнгі уақытта мұқият және қырағы болу, ал жолда шаршау кезінде тоқтап, демалу қажеттігін еске салды.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері автоәуесқойларға жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша практикалық кеңестері бар жаднамалар таратты және жылдамдық режимінен асып кетпеу, маневр жасау қағидаларын бұзу, ең бастысы рульге мас күйінде отырмау керектігін тағы да еске салды. Өйткені, жол қателіктерді кешірмейді!

Түркістан: Жайылымнан мал жымқырған әкесі мен ұлы ұсталды

Түркістан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері мен Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары мал ұрлықтарын ашу мен болдырмау мақсатында рейдке шықты. Тексеріс кезінде Тасқұдық ауылының жайылымдық жерінде түнгі уақытта жүрген күмәнді «Газель» көлігі полицейлердің назарына ілінді.

Оқиға орнына бірден келген полицейлер, мал ұрлығы қылмысының үстінен түсті. Яғни сақшылардың қырағылығы мен кәсіби шеберлігі нәтижесінде, өзгенің сиырын ұрламақ болып, аяқтарын байлап, көлікке тиеп жатқан күдіктілер қолға түсті. Олардан айғақты зат ретінде «Газель» автокөлігі, 1 бас ірі қара мал және көліктің жалған мемлекеттік нөмірі тәркіленіп алынды. Тәртіп сақшылары мал ұрыларын полиция бөліміне жеткізді. Күдікті екеу Қазығұрт ауданының тұрғындары, әкесі мен ұлы болып шықты. Ал егде жастағы ер адам бұрын да дәл осындай қылмыс жасап бірнеше рет сотты болған.

Анықталғандай, әкесі мен ұлы оңай жолмен пайда табу мақсатында, жайылымда қараусыз жүрген малдарды жымқырып отырған. Күдіктілер жоғарыдағы қылмыс қана емес, басқа да тұрғындардың жылқы-сиырларын ұрлап, материалдық шығын келтірген. Нақтырақ айтсақ, жалпы жыл басынан бері 8 жайт мал ұрлығы қылмысына қатыстылығы дәлелденді.

Жалпы алғанда мал ұрлығын жасаған екеу жәбірленушілердің 28 бас ірі қара малдарын ұрлап, 6,5 миллион теңгеге залал келтірген. Яғни күдікті әкелі-балалы түнгі уақыттарда Сарыағаш, Қазығұрт аудандарында жайылымда қараусыз жүрген ірі қара үй жануарларын діттеп, өздерінің «Газель» маркалы жүк көліктеріне санаулы минуттар ішінде тиеп әкетіп отырған.

Содан соң олжалаған малдарды Шымкент қаласындағы мал базарлардың бірінде сатып, пайда тапқан. Сақшылар тиянақты тексеру кезінде күдіктілердің қылмыс бойынша іздерін жасыру мақсатында ерекше тәсіл қолданғанын білді. Яғни сезіктілер мал базарға барған уақытта көліктерінің мемлекеттік нөмірін ауыстырып, жалған нөмір тағып алып жүрген.

Қазіргі таңда ұсталған екеу қамауда. Оларға қатысты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер облыс тұрғындарына ескертеді: қора-қопсыны мықтап қоршап, бекітіп, малды жайылымға жіберер кезде сенімді адамға немесе бақташыға тапсырыңыз! Оларды дер кезінде таңбалап, сырғалаңыз! Ұрының сіздің салғырттығыңызды пайдаланып, малыңызды иемденіп кетуіне мүмкіндік бермеңіз.

Түркістан: Мас халде көлік басқарған...

Шардара ауданы ПБ-ның полиция қызметкерлері кешкі уақытта жол ережелерін бұзып келе жатқан «Daewoo nexia» маркалы автокөлікті байқап, тоқтатты. Оны тексеру кезінде полицейлер жүргізушінің мас күйіне күдіктеніп, медициналық сараптама тағайындады. Сараптама қорытындысы бойынша жүргізушінің мас екені анықталды.

Полиция қызметкерлері аталған жайтты ӘҚБтК 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша тіркеді. Осылайша полиция қызметкерлері жүргізушіге қатысты іс құжаттарды жинақтап, заңды шешім қабылдау мақсатында сотқа жолдады. Сот жүргізушіні ӘҚБтК-нің 608-бабына сәйкес кінәлі деп танып, көлік иесін 7 жылға автокөлік басқару құқығынан айырды.

Өз кезегінде, облыс полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Сондай-ақ мас халде көлік басқарып, өзіңізбен қоса өзгенің де өмірін қатерге тікпеу керектігін ескертеді.

 

Полицейлер есірткі сақтаған ер адамды анықтады

Полиция қызметкерлері есірткі қылмысымен күресу мақсатында күнделікті жұмыс атқарады. Мәселен, Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында, жергілікті тұрғынның үйінде есірткі затына ұқсас өсімдікті сақтап жүргенін анықтады.

Полицейлер күдіктінің үйін тінту кезінде пакетке оралған есірткі затына ұқсас кептірілген өсімдікті тәркілеп алды. Аталған өсімдікке сараптама тағайындалды. Оның қорытындысына сәйкес салмағы 80 грамға жуық «кептірілген марихуана» болып шықты. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекусорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркеді. Қазіргі таңда күдікті ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері есірткі заттарының заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Егер сіз де, есірткіні заңсыз сақтау және өткізу жайттары туралы қандай да бір ақпарат болса, дереу полицияға хабарласыңыз.

Осы RSS каналға жазылу