Super User

Super User

ШЫМКЕНТ: ӘКІМ МЕКТЕПТЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫН ТЕКСЕРДІ

Шымкент әкімі мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын тексеру мақсатында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан бірнеше білім ұяларын аралады.

Шаһарда үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесін 2023 жылы, ал орын тапшылығын 2025 жылға дейін толығымен шешу жоспарланған. Осы орайда қалада білім ұясының құрылысы қарқынды жүруде. Биыл Шымкентте 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Солардың бірі - №46 жалпы білім беру мектебі. Аталмыш білім ұясында 1,5 га аумаққа қосымша корпус салынуда. Жоба бойынша нысанда 300 оқушы орны, спортзал, 110 орындық асхана және 10 мың кітап қорына арналған кітапханасы 8 орындық оқу залымен қарастырылған. Жаңа ғимарат құрылысы аяқталумен 38 адамға тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады. Өткен жылы құрылысы басталған мектептің корпусы жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берілмек.

Қала әкімі құрылыс барысындағы кемшіліктер бойынша жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берді.

Келесі кезекте әкім 18 шағынауданда орналасқан № 38 орта мектепте болды.  Мұнда 1,9 га жерге қосымша ғимарат салынуда. Жобаға сәйкес нысанда 375 оқушы орны, спортзал, 76 орындық асхана қарастырылған. Жаңа ғимарат құрылысы аяқталса 27 адамға тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады.

Құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталады деп күтілуде.

Айта кетейік, биыл қалада одан бөлек, 5 мектеп күрделі жөндеуден өтуде.  Жалпы, Шымкент қаласында 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарға сәйкес 75 015 орынға арналған 77 мектеп салу жоспарланған. Оның 54-і мемлекет есебінен, 4-уі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде, ал 19 мектеп жеке инвесторлар есебінен бой көтермек. Биылғы жылы 10 540 орынға арналған 16 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Құрылысы жүріп жатқан 11 мектептің есебімен жекеменшік білім мекемесінің саны 62-ге жетеді. Ал, бюджет есебінен биыл 5 мектептің жанынан қосымша ғимараттардың құрылысы жүргізілуде. Жаңа нысандар пайдалануға берілген тұста қалада үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендейді. Жалпы үш ауысымда білім беретін мектептер және мектебі жоқ шағын аудандар мәселесін 2023 жылы, ал орын тапшылығын (дефицит) 2025 жылға дейін толығымен шешу жоспарланған.

                                                                                           

ШЫМКЕНТ: АБАЙ АУДАНЫНДА БИЫЛ 29 КӨШЕ ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛАДЫ

Абай ауданында былтыр 30 көше жарықтандырылды. Шара мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылды. Бұл туралы қала әкімінің тұрғындармен есепті кездесуінде аудан басшысы Б.Парманов мәлімдеді. Аудан әкімі өткен жылдан бері орталық және әлеуметтік нысан орналасқан көшелерді жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын айтып, был да осы бағыттағы жұмыстардың жүргізілетінін тілге тиек етті.

- Биыл осы жоба аясында 29 көше жарықтандырылар болса, аудандағы жалпы 140 көшеде түнгі жарықшам болады. Сонымен бірге, жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында 2021 жылы 519 бейнебақылау камерасы қойылса, осы жылы тағы қосымша 250 камера қойылмақ,-деді Б.Парманов.

Айта кетейік, қала әкімдігі бекіткен жобаға сәйкес, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 2021-2023 жылдары 312 көшені жарықтандыру жоспарланған болатын. Жобаның аясында 2021 жылы Шымкентте 136 көше жарықтандырылды. Солардың арасында шалғай елді мекендер мен шағынаудандардағы Гүлдала, Жоламан, Ағайынды Тәжібаевтар, Сыздықов, Егемен ел, Қазына, Әлмахан қажы және Жабай ата, Аргоферма Қарасу, Ақсуат секілді көшелерді атап көрсетуге болады.Мұнан бөлек 30 көшедегі ескі жарық шамдар заманауи LED шамдармен алмастырылды. Шамы жаңарғандардың арасында Темірлан тасжолы мен Ю.Гагарин, Түркістан, Төле би секілді орталық көшелер де бар.

Жарықтандыру жұмыстары 2022 жылы да жалғасын табуда. Нақтырақ айтқанда, биыл 102 көше жарықтандырылады деп жоспарланған. Жалпы, өткен жылдың қорытындысымен орталық маңызы бар 747 көшенің 356-сы жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 43,4 пайызды құраған еді. Биыл атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде Шымкенттегі жарықтандырылған көшелердің саны 458-ге жетіп, қамту көрсеткіші 61,3 пайызға жетеді деп күтілуде. Жоспарға сәйкес, 2023 жылы тағы 106 көше жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 70 пайызғаал, 2025 жылы 100% жеткізу көзделіп отыр. Айта кетейік, қаладағы жарықтандыру желілері автоматтандырылған басқару жүйесіне қосылып жатыр. Диспетчерлік орталық арқылы қай көшелер қосылып немесе өшіп тұрғанын, қай көшеде қанша жарықшам істен шыққанын көрсететін бұл жүйеге әзірге 40 көше қосылған. Жыл соңына дейін 100 көше қосылады деп жоспарланып отыр.

ШЫМКЕНТ: АБАЙ АУДАНЫ 95 ПАЙЫЗЫҒА САПАЛЫ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Абай ауданы мобильді интернетпен 91 пайызға қамтылған. Биылғы меже 95 пайыз.

Бұл туралы қала әкімінің тұрғындармен есепті кездесуінде аудан басшысы Б.Парманов мәлімдеді. Мәселен былтыр интернет сапасы төмен Ынтымақ, А-2, Құрсай, Солтүстік-Батыс, А-2 жолы, Самал-3 елдімекеніне базалық станция орнатылды. Биыл 30 мың тұрғыны бар Ақниет, Қызылжар, Жаңаталап, Игілік, Агрофирма-Қарасу тұрғын алаптарына базалық станциялар орнатылады. Оптикалық интернет желімен қамту: қаладан шалғай орналасқан Самал-3, Қазығұрт, Құрсай, Ақниет, Жайлау, Ынтымақ, Қызылжарға талшықты оптика желісі жүргізіледі. Айта кетейік, Шымкентте өткен жылы интернет сапасы төмен 14 елдімекенге базалық станция орнатылған болса, биыл 12 елдімекенге қойылып, мобильді интернет желісімен қамту үлесін 95 пайызға жеткізу жоспарланған. 2023 жылы 11 елдімекенге, 2024 жылы 10 аумақты қамтып, көрсеткіш 100 пайызға жетпек. Осы жылға 71 мың қала тұрғынын қамтитын 12 аумаққа базалық станция орнатылу жоспарға қойылған болса, бүгінде олар бойынша жер телімдері анықталып, инвесторларға ұсынылған. Қазір бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Маятас, Елтай, Тоғыс, Бозарықта жеке нысан иелерімен келісу арқылы базалық станция орнатылып, іске қосылды. Ал, оптикалық интернет қамту үлесін 75 пайызға жеткізу межеленген. Қаладан шалғай орналасқан 15 елдімекенге талшықты оптика желісі қойылады. Ал, 2021 жылы қаладан шалғай орналасқан 10 елді мекенге талшықты оптика желісі жүргізіліп, жүз мыңға жуық қала тұрғыны жоғарғы жылдамдықты интернетпен қамтылды. Сонымен қоса, тұрғындардың IT сауаттылығын арттыру мақсатында «CIFRO» және робопарк бағдарламалау мектептері ашылды. Онлайн платформа веб сайттарды әзірлеу, ІОS, андройд платформасында қосымшалар әзірлеу, анимация жасау, ойындар әзірлеу секілді курстар оқытылуда.


ШЫМКЕНТ: ХАЛЫҚ ҚАТЫСАТЫН БЮДЖЕТТІҢ ҮЛЕСІ АРТҚАН

Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған «Халық қатысатын бюджет» жобасы өзінің нәтижелілігін көрсетуде. Яғни жоба аясында аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустар қою, арықтар салу және жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, ойын және жаттығу алаңдарын құру, онда жабдықтар орнату секілді жұмыстар жасалады.

Абай ауданында 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы халық қатысатын бюджет үлесі 5,1 есеге артқан.

Ауданды өткен жылы 7 үйдің ауласы абаттандырылған болса, биыл 32 жобаға қаржы бөлінді. 1-кезеңде 5 үйдің ауласы, 27 елдімекен жоспарға енген, ал 2-кезеңде 5 үйдің ауласы абаттанады. Бұл жұмыстарды тұрғындар дауыс беру арқылы таңдаған болатын.

Сонымен қоса, Сайрам шағынауданында да 10 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылады. Еңбекші ауданындағы Сайрам шағынауданының тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» жобасына белсенді қатысып өз жобаларын ұсынған болатын. Нәтижесінде биыл 10 үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы құрылады. Ал, Еңбекші ауданында 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы халық қатысатын бюджет үлесі 1,8 есеге артқан. Қазіргі таңда қаламыздағы көпқабатты 184 үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде «Халық қатысатын бюджет» жобасының аясында тұрғындардың ұсынысымен 101 үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың игілігіне тапсырылуда. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасының аясында «Халық қатысатын бюджет» жобасы іске асыру мақсатында кез-келген қала тұрғыны қала аумағын абаттандыру, дамыту және жақсарту бойынша өз идеясын ұсына алады. 2021 жылы аулаларды абаттандыру және заманауи балалар ойын алаңшаларын құру мақсатында қала бюджетінен 2,5 млрд. теңге қаралды.

Осы RSS каналға жазылу