Super User

Super User

ТҮРКІСТАН: ЗАҢСЫЗ ТАСЫМАЛҒА ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙТІЛЕДІ

Заңсыз тасымалдаудың өршуінен өңірде жол-көлік оқиғалары көбейіп, тас жолдар жарамсыз күйге түсіп жатыр. Айыппұл төлеумен шектелген көлік жүргізушілерінің жұмысын қадағалау үшін өңірде арнайы рейд шаралары өтеді. Облыс аумағындағы заңсыз тасымалмен күрес және жол саласындағы өзекті мәселелер облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында талқыланды.

 

– Заңсыз тасымал, жолаушылар қауіпсіздігіне қатысты шағымдар көбейді.  Жол полициясы мен  көліктік бақылау инспекциясы тарапынан олардың бәрі тексерілуі тиіс. Жолдың сапасын бұзатын ірі жүк көліктеріне де қадағалау күшейтілсін. Әр карьер маңында жүктің салмағын өлшейтін таразысы болуы керек. Жолаушылардың қауіпсіздігі, жолдың сапасы бойынша рейдтер жалғасқаны жөн, – деді Өмірзақ Шөкеев.

 

Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р.Ибрагимовтың баяндауынша, биыл автожолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 92% жеткен. Ал облыстық маңызы бар 200 шақырым жол ауыр жүк көліктерінің белгіленген талаптан асыра жүк тасымалдауын салдарынан мерзімінен бұрын жарамсыз жағдайға түсіп отыр. Тағы 865 шақырым жолдың мерзімінен бұрын жарамсыздану қаупі бар.

 

Аталған жолдардың басым бөлігі Сайрам, Ордабасы, Арыс, Қазығұрт, Сауран аудандарында орналасқан. Жыл басынан бері жүргізілген рейдтік іс-шараларының нәтижесінде жалпы 151 млн. теңгеден астам айыппұл салынған. Ауыр салмақты көліктердің қозалысын реттеу мақсатында жол белгілері қойылып, тиісті шаралар жасалуда. Мәселе бақылауға алынып, жұмыс күшейтіледі. Заңсыз жолаушы тасымал мәселесі де назарға алынады. Әсіресе «Алфарьд» көлігіне сын-ескертпе көп

 

    Түркістан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы тарапынан жасалған талдау көрсеткендей, Түркістан облысында жұмыс атқартын 160 карьердің 20-сында ғана таразы бар. Ал қалған 140 карьерде бақылау-өткізу пункттері, жөнелтілетін және келіп түсетін жүктің сапасы мен массасын анықтауға мүмкіндік беретін таразы және басқа жабдықтары жоқ. Ендігі кезекте өзеннен тас таситын ауыр салмақты автокөліктер де жаппай тексеріледі. Карьердегі салмақ өлшейтін таразының орнатылуы қатаң қадағаланады. Заң бұзушылықтарға жол бергендердің ісі құзырлы органдарға өткізіледі.

Сайрамда жас әйел азаматтық некедегі күйеуінің үстінен арызданды

Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша, азаматтық некедегі күйеуі үйінде тұрған «Филипс» маркалы теледидар мен бұрғылау құрылғысын ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 270 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды. Полиция қызметкерлері хабар алған бойда ұрлық қылмысын ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Олардың жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, күдікті ер адам анықталды.

Белгілі болғандай, күдікті мен жәбірленуші өзара келісімге келе алмай, жанжалдасып, салдарынан әйел адам өзінің туыстарына кетіп қалған. Арада 2-3 күн өткен соң келгенінде, азаматтық некедегі күйеуі үйіндегі заттарды ұрлап, өзі кетіп қалған. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өз мүліктеріне мұқият болуды ескертеді. Сондай-ақ заңға қайшы іс-әрекеттерді жасамауға, туындаған мәселелерді заң аясында шешуге шақырады. Егер, сіз, заңсыз әрекеттердің құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада «102» телефонына хабарласыңыз.

Түркістан облысында мал ұрлығымен айналысқан 2 дос 5 жылға бас бостандықтарынан айырылды

Екі дос жайылымда қараусыз жүрген, қоршауы әлсіз қора-жайда тұрған төрт түлікті үптеп кетіп, оңай олжалы болып жүрген. Дегенмен қылмыстың өтеуі – жаза екендігі баршаға аян. Соңында мал ұрлығымен айналысып жүрген екеу, Түркістан облысы полицейлерінің қырағылығы мен кәсіби шеберлігі нәтижесінде құрықталды. Екі жас жігітке қатысты сот үкімі шығып, тиісті жаза қолданылды.
Аталған мал ұрлығы жайлы тарқатып айтар болсақ: Созақ АПБ-ға 2022 жылдың қаңтар айында жергілікті тұрғын арызданып, құны 45000 теңге тұратын қошқарын белгісіз біреулер жымқырып кеткенін жеткізген. Аталған жайт бірден ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркелді. Орын алған мал ұрлығы қылмысын ашып, күдіктілерді ұстау мақсатында созақтық тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер көрген-білгендерден жауап алып, жақын аймақтарды түгел қарап шықты. Мал базарлары мен көліктер мұқият тексерілді. Осындай жан-жақты жұмыстардың нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы Созақ АПБ екі күдіктінің ізіне түсті. Олар жергілікті тұрғындар болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікті екеу көше бойында жайылып жүрген қошқарды өздеріне тиесілі «ВАЗ-2107» маркалы көліктерінің жүк салғышына салып, оқиға орнынан бой тасалаған. Содан ұрланған өзгенің малын, басқа біреуге 30 000 теңгеге сатып жіберген. Тәртіп сақшыларымен тексеру кезінде күдікті жас жігіттердің бұдан алдын да мал ұрлығын жасап, жалпы 7 тұрғынның малын жымқырғаны белгілі болды. Жалпы жәбірленушілерден 1 бас ірі қара, 6 бас ұсақ малдарын ұрлап, 1 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Ұрланған малдың 3-еуі жайылымнан, 4-еуі қорадан кеткен. Ұрылар үй жануарларын сатып, ақшасын бас пайдасының қажеттілігіне жұмсап үлгерген. Осылайша іс толығымен аяқталып, құжаттар жинақталып, айыптау актісімен сотқа жолданды.
Нәтижесінде Созақ аудандық сотының үкімімен 27, 25 жастағы жас жігіттерге 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Полицейлер облыс тұрғындарына ескертеді: қора-қопсыны мықтап қоршап, бекітіп, малды жайылымға жіберер кезде сенімді адамға немесе бақташыға тапсырыңыз! Оларды дер кезінде таңбалап, сырғалаңыз! Ұрының сіздің салғырттығыңызды пайдаланып, малыңызды иемденіп кетуіне мүмкіндік бермеңіз.

Түркістан облысы ПД бастығының бірінші орынбасары болып полиция полковнигі Айтпаев Бағланбек тағайындалды

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары лауазымына полиция полковнигі Бағланбек Есембекұлы Айтпаев тағайындалды. Тағайындау ҚР ІІМ Нұр-Сұлтан қаласында онлайн-режимде өтті.
Полиция полковнигі Б.Айтпаев ҚР ІІМ Б.Момышұлы атындағы Шымкент заң колледжі мен А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.
Ішкі істер органдарында 1998 жылдан бастап қызмет атқарады. Еңбек жолын Ақмола облысы ІІБ Целиноград АІІБ Әкімшілік полиция бөлімшесінің инспекторы болып бастады. Одан әрі Ақмола облысы ІІБ Целиноград АІІБ-де және ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінде түрлі басшылық лауазымдарда жұмыс істеді. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің қоғамдық тәртіпті қорғау басқармасын басқарды.
«Ерлігі үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» «Қазақстан Конституциясына 30 жыл», «Қазақстан полициясына 30 жыл» медальдарымен марапатталған.
Түркістан облысы ПД бастығының бірінші орынбасарын жеке құрамға Түркістан облысы ПД бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков таныстырып, жұмысына табыс тіледі.
Осы RSS каналға жазылу