Түркістан облысы Полиция департаментіне басшылық лауазымына тәжірибесі толысқан, жеке құрам арасында өзін білікті басшы ретінде таныта білген полицей ару келді. Нақтырақ айтсақ, ҚР ІІМ Марат Ахметжановтың бұйрығымен Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары болып полиция майоры Меруерт Әбдіқадырқызы тағайындалды. Тағайындау рәсімі Нұр-Сұлтан қаласындағы Ішкі істер министрлігімен тікелей онлайн режимде өткізілді. Министр М.Ахметжанов жеке құрамға жаңа басшыны таныстырып, жұмысына табыс тіледі.
Полиция майоры Меруерт Әбдіқадырқызы бұдан алдын Түркістан облысы ПД Қаржымен қамтамасыз ету басқармасының бастығы қызметін атқарған. Ішкі істер органдарындағы қызметін 1999 жылы бастаған. Қызмет жолында бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Ішкі істер департаментінің қаржы саласына қатысты түрлі басшылық қызметтерін абыроймен атқарған. ҚР ІІМ, Полиция департаменті тарапынан медаль, грамота және «Алғыс хаттармен» марапатталған.
Ендеше полиция майоры Меруерт Әбдіқадырқызының осы сәтке дейінгі қызметтегі жетістіктері, кәсіби шеберлігі мен жеке қасиеттері жаңа лауазымын жоғары дәрежеде атқаруына негіз болады деп білеміз. Сондай-ақ сенім білдіріп, сәттілік тілейміз!
Келес ауданы полиция бөлімінің полицейлері Қазақстан Республикасы азаматының құжаттарын тексеру кезінде, оның қос азаматтықты қабылдап, құжаттанғанын анықтады. Яғни ол Қазақстан азаматы бола тұра, 2015 жылы Ресей Федерациясына жұмыс жасау үшін барып, сол жақта үйленіп қалып кеткен. Осылайша Ресей Федерациясының төлқұжатымен құжаттанған.
Алайда ер азамат заңға сәйкес бұл туралы мемлекетке хабар бермеген. Яғни ер адамның Ресей Федерациясының азаматтығын қабылдағаны туралы елшілікке хабарлама келіп түспеген. Ал ҚР Конституциясында қос азаматтық көзделмеген. Сондықтан полиция қызметкерлері ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабы 2-бөлігі «Қазақстан Республикасының азаматтық туралы заңнамасын бұзуы» бойынша әкімшілік хаттама толтырып, іс-құжаттарды Келес ауданының сотына жолдады. Түркістан облысының полицейлері көші-қон заңнамасын бұзған әрбір адамға заңды шара көрілетіндігін ескертеді.
Жетісай аудандық полиция бөліміне Мақтаарал ауданының тұрғыны арызданды. Ер адамның айтуынша, оны танысы үйіне шақырған. Араларында болған түсініспеушілік соңы дау жанжалға ұласып, салдарынан өзін ұрып соққанын жазып көрсетті.
Тәжірибелі тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін, оқиға орнына бірден жетті. Полицейлердің атқарған жедел әрекеттерінің нәтижесінде, қылмысқа қатысы бар күдікті Жетісай қаласының тұрғыны болып шықты.
Анықталғандай, күдікті мен жәбірленуші жақсы таныстар. Олардың араларында бірнеше жылдан бері ақшаға қатысты түсініспеушілік орын алып жүрген. Оқиға болған күні күдікті ер адам «қарыз ақшаны қашан қайтарасың?» - деп, жәбірленушіні үйінде түнгі 22:00 шамасына дейін ұстап, ұрып соққыға жыққан. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 389-бабы «Өзінше билік ету» бойынша тіркеп, сезіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мұқият болуды және бейтаныс адамдарға сенбеуді ұсынады. Сондай-ақ заңға қайшы іс-әрекеттерді жасауға, туындаған мәселелерді заң аясында шешуге шақырады. Егер, сіз, заңсыз әрекеттердің құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада 102 телефонына хабарласыңыз.