Super User

Super User

Түркістан облысының полицейлері жоғалған жасөспірім қызды Алматы қаласынан тапты

Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйелдің айтуынша, 2 күн алдын түнгі уақытта 15 жасар қызы үйінен ешкімге ескертпестен шығып кетіп, осы уақытқа дейін оралмаған. Жақындары өздіктерімен іздегенімен, еш нәтиже шықпаған.

Ақпарат алысымен полицейлер аталған жайтты тіркеп, бірден іздестіру жұмыстарына кірісті. Түлкібас аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Нұрбол Есенбеков, жасөспірім қыздың туыстарымен бірге іздеу жұмыстарын жүйелі жүргізді. Жасөспірімнің баруы, хабарласуы мүмкін дос-туыстарынан жауап алынды.

Қоғамдық көліктер, такси жүргізушілерінен сұрастырылды. Соның нәтижесінде 15 жасар қыздың түнгі уақытта таксимен Шымкент қаласына жетіп, одан ары Алматы қаласына кеткені белгілі болды. Яғни полицейлер бірнеше сағат ішінде жоғалған қыздың жүрген жерін анықтады. Ол Алматы қаласындағы туған әпкесінің үйіне барған болып шықты. Қазіргі таңда 15 жасар қыз отбасымен қауышып, аман-есен үйіне жеткізілді. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.

Полиция қызметкерлері барша ата-аналарға өтпелі кезеңде жүрген ұл-қызымен досы ретінде сөйлесіп, араласатын ортасын қадағалауды ескертеді. Сонымен қатар жақындарыңыз жоғалған сәтте өздеріңіз іздеп, уақыт жоғалтпай бірден 102 нөміріне хабарласуға кеңес береді.

Түркістанда: ломбардтағы ноутбугыңды шығарып беремін деп,алдап кетті

Бүгінде бөтеннің сеніміне кіру арқылы алдап, алаяқтық әрекеттерін іске асыратындар қатары көбейген. Түркістан облысының полицейлері осындай оңай жолмен ақша табатын талай алаяқтарды құрықтап жүр.

Мәселен, Түркістан қалалық Полиция басқармасының полицейлері ломбардқа кепіл ретінде қойған ноутбугыңды шығарып беремін деп тұрғынды алдаған күдікті ер адамды ұстады.

Нақтырақ айтсақ, жергілікті тұрғынның танысы ломбардтағы мүлкін әперемін деп 50 мың теңгесін алған. Алайда арадан біршама уақыт өтсе де ноутбугын ала алмаған не ақшасын қайтара алмаған. Содан тұрғын сан соғып қалғанын түсініп, ҚПБ-ға арызданып полицияның көмегіне жүгінген. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілді.

Түркістандық полицейлер жәбірленушінің арызына орай, шұғыл түрде іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдікті ер адам тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Ол жергілікті тұрғын, жас жігіт болып шықты. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері алаяқтардың арбауына ермей, кез келген мәселеңізді заң жүзінде шешіңіздер деп ескертеді. Егер де, сіз, алаяқтық қылмысына куә болсаңыз немесе құрбаны болсаңыз полицияға хабарласыңыз.

Түркістан облысының полицейлері велосипед ұрлаған жас жігітті ұстады

Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын «Урал» маркалы велосипедінің ұрланғаны жөнінде арызданған. Жәбірленуші тұрғынның айтуынша, оның үйінің ауласының алдында тұрған велосипедін белгісіз біреу жымқырып кеткен. Оқиға орнына бірден учаскелік инспекторлар келіп, ұрыны іздеуге кірісті.

Тәртіп сақшылары аулаларды аралап, куәлардан жауап алып, көшеде орнатылған бейнебақылау камераларын тексерді. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті ретінде жас жігіт ұсталды.

Белгілі болғандай, күдікті жымқырған велосипедті Шымкент қаласының тұрғынына сатқан. Бүгінде ұрланған велосипед тәркіленіп алынып, заңды иесіне тапсырылды.

Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға велосипед ұрлығынан қорғанудың жалғыз кепілдендірілген әдісі - велосипедті қараусыз қалдырмау екендігін ескертеді.

Түркістан полицейлері тұрғынның сөмкесін тауып алғыс алды

Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, ол түскі сағат 12:00 шамасында жұмыс орнынан шығып, үйіне жету үшін аялдамадан жолаушылар көлігіне мінеді. Содан діттеген жеріне келіп, автобустан түскенде қолсөмкесінің көлікте қалып қойғанын көреді. Осылайша әйел сөмкесін іздеп таба алмаған соң полиция қызметкерлерінен көмек сұрайды. Сөмкеде өзіне тиесілі құжаттары болған. Аталған жайтты түркістандық полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы « Ұрлық» бойынша тіркеді.

Осы оқиғаға байланысты тәжірибелі тәртіп сақшылары жұмылдырылып, жедел іздестіру шараларына кірісті. Полицейлер жәбірленушіден, куәлардан жауап алып, күдіктінің жеке-басын, тұрғылықты мекенжайын анықтады. Тәртіп сақшылары шұғыл әрекет етіп, тәулік ішінде күдіктіні ұстады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.

Белгілі болғандай, жәбірленушімен бірге көлікте отырған жолаушы әйел жеңіл жолмен ақша тапқысы келген. Содан жәбірленушінің сөмкесінің қалып кеткенін көріп, оны білдіртпей жымқырған. Ұсталған әйелден сөмке тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды.

Өз кезегінде тәртіп сақшыларының атқарған қызметтеріне риза болған тұрғын полицейлерге алғысын айтты. «Мен сөмкемді жоғалтып алдым. Содан соң өзім іздедім. Бірақ таба алмадым. Ал полицейлер бірден тауып берді. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Үлкен рақмет!»-деп, шынайы ризашылығын білдірді. Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қоғамдық орындарда бағалы заттарыңызға сақ болыңыздар, үйлеріңізді аз уақытқа шықсаңызда құлыптап жүріңіздер деп кеңес береді.

Осы RSS каналға жазылу