Бейсенбі, 20 Шілде 2023 19:17

ШЫМКЕНТ: БАС ДӘРІГЕР ЖҮРЕК АЛМАСТЫРҒАН НАУҚАСТЫҢ ЖАҒДАЙЫМЕН ТАНЫСТЫ

Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков жүрегін алмастырған науқастың халін білу үшін ауруханаға арнайы барды. Басқарма басшысы науқастың қазіргі денсаулық жағдайын сұрап, тезірек жазылып, отбасына оралуына тілеулес екенін жеткізді. Сондай-ақ қаланың бас дәрігері пациентке жасалған транплантациялық отаның қала медицинасын дамуындағы зор жетістік екенін атап өтті.

–Біздің жергілікті кардиохирургтар Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы мамандарымен бірлесіп, отаны сәтті жасап шықты. Осы орайда отаны жасаған білікті дәрігерлерге алғысымды білдіремін. Қала тұрғындарының саулығын жақсартып, сапалы медициналық көмек көрсету үшін барынша қызмет етеміз, –деді басқарма басшысы Н. Асылбеков.

Айта кетейік, 5-шілде күні Шымкент жүрек орталығында 61 жастағы тұрғынға жүрек трансплантациясы жасалды. Ота кезінде кардиохирургтар пациентке 46 жастағы ер адамның жүрегін орнатып берді. Донорлық жүректі қайтыс болған ер кісінің туған-туыстары пайдалануға рұқсат берген. Күрделі операциядан кейін тоғызыншы күні дәрігерлер науқастың жүрек тамырына стент орнатып берді. Бүгінде пациенттің жағдайы жақсы. Жүрегін алмастырған науқас медицина мамандарының бақылауында болады.

Біле білсеңіз, еліміздегі ең алғашқы ағза ауыстыру операциялары 2012 жылы қолға алынып, бүгінге дейін 2 мыңнан аса отандасымыздың ағзасы ауыстырылған. Демек Қазақстанда да трансплантология жасауға машықтанған мамандар да, заманауи технологиялар бар. Алайда донорлық органдар тапшылығын әлі де жоққа шығаруға болмайды.

Ал енді өзгенің ағзасына күні түсіп жатқан науқастардың арасында ең көп сұранысқа ие бүйрек пен бауыр екені баршамызға белгілі. Одан кейінгі орында жүрек трансплантациясы. Дәл қазір 147 дертті адам донорлық жүрек кезегінде тұр, оның ішінде 140-ы – ересек азамат, жетеуі – бала.

Оқылды 481 рет