Бүгінгі таңда балалар арасында кең тараған аутизм ауруы күрделі мәселе. Ерекше балаларды қоғамға бейімдеп, емдеу және оңалту шетелдік озық оңалту орталықтарының тәжірибесіне сүйенуді талап етеді. Аутизм синдромы бар балаларды оңалту шараларын дамыту мақсатында Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова мен "Қамқорлық" оңалту орталығының мамандары Туркия еліндегі бірқатар оңалту орталықтарының жұмысымен танысып, тәжірибе алмасуда.
Әлеуметтік сала басшысы іссапар барысында Стамбул қаласындағы аутизм мен аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған "Мармара" мемлекеттік және жекеменшік оңалту орталықтарының білікті мамандарымен кездесті. Оңалту орталықтары қатар орналасқан. Балалардың түрлі қызметтерді екі орталықтан бірдей алу мүмкіндіктері бар.
Мұнда бір мезгілде 600 балаға 200-ге жуық арнайы тәжірибелі мамандар қызмет көрсетеді. Одан бөлек, 30-дан астам мемлекеттің азаматтары осында келіп ем қабылдауда.
Оңалту орталықтары арнайы әзірленген бағдарлама арқылы жұмыс жасайды. Бағдарлама ең алдымен аутизмі бар балалардың ең маңызды мәселелерін, яғни, қоғаммен қарым-қатынастың бұзылуы және әлеуметтік өзара әрекеттесуді жеңуге бағытталған.
Мамандар ең алдымен заманауи әдістемелік тәсілдерге, аутист балалармен жұмыс істеу бойынша түрлі технологияларға сүйене отырып балаларға диагностика жүргізеді. Қорытындысы бойынша әр балаға жеке оңалту жоспары түзіліп, коррекциялық түзету жұмыстары басталады. Сонымен қатар әр балаға жеке педагог қарастырылған.
Тәжірибе алмасу кезінде ең маңызды мәселелердің бірі 18 жастан асқан аутизм синдромы бар азаматтарға білім беру, әртүрлі сипаттағы қызметтерге қол жеткізу, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік қолдау сынды мәселелер талқыланды.