Бейсенбі, 24 Тамыз 2023 11:54

ШЫМКЕНТКЕ «АҢСАҒАН СӘБИ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА 429 КВОТА БӨЛІНДІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы аясында қаламызда көптеген отбасы бала сүю бақытына ие болуда. Жалпы, республика бойынша жыл сайын 7000 квота бөлінеді. Ең көп квота Алматы, Астана, Шымкент қалаларына қарастырылған.
Еліміздің 9 өңірінде 19 медициналық ұйым ЭКҰ қызметін ұсынады. Оның 18-і – жекеменшік ұйым. Қала аумағында бүгінде 4 репродукция орталығы жұмыс істейді. Қалада ЭКҰ-ға дайындық бойынша қалалық перинаталдық орталықтың консультативті-диагностикалық блогы жетекші медициналық ұйым ретінде бекітілген. Онда 2018 жылдан бастап Бедеулік мәселелері жөніндегі кабинет жұмыс істейді. Түрлі ем шараларға қарамастан бір жыл бойы түрлі факторларға байланысты физиологиялық жүктілік болмаған ерлі-зайыптылар ЭКҰ квотасына қатыса алады. Биыл мегаполиске бағдарлама шеңберінде 429 квота бөлінген. Қазіргі таңда қалада бедеулікпен есепте тұрған 600 жұп бар. Жыл басынан бері арнайы орталықтарға 261 жұп ЭКҰ квота арқылы жолданды. Бағдарлама бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Оған отбасылық жұптар да, жеке адамдар да қатыса алады. Қазақстанның азаматы болуға тиіс және денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық талаптарға сәйкес келуі керек. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысатын адам міндетті түрде ерікті түрде жазбаша келісім береді.

Олар: репродуктивті жас – 18-ден 49 жасқа дейін;

қалыпты соматикалық және эндокриндік көрсеткіштер;

  • жоғары фолликулярлық резерв.
Айта кетейік, 2021 жылы қалаға 403 квота бөлінген болса, соның ішінде жүкті болғандар саны – 202. Былтырғы жылы 413 квота бөлінген, соның ішінде жүкті болған саны – 220. Бағдарлама қолға алынған соңғы үш жыл ішінде квота арқылы 136 сәби дүниеге келген.
 
Оқылды 371 рет