Отырар ауданының жұртшылығы үшін бойындағы жұдырықтай жүрегі қашан да елім, жерім деп еміріне елжірей соғатын Балтакөлдің тумасы, сауабы мол қайырымды істерге ұйтқы болып, игі істердің бел ортасында бастамашы болып жүретін жүрегі жомарт, мейірімі мол белгілі кәсіпкер Балтабай Тасболатұлы Асанов атты азаматтың есімі өте жақсы таныс.
Қайырымдылығымен көпшілікке қадірлі болған осы азамат соңғы бес-алты жылдан бері үзбей жүзеге асырып келе жатқан сауапты ісінен биыл да жаңылыспай Шымкент қаласындағы №14-емдеу орталығының оннан астам білікті де тәжірибелі дәрігерлерін кіндік қаны тамған қасиетті жеріне алып келіп, балтакөлдік ағайындарды ақысыз қажетті ем-дом мен ақыл-кеңес алуын қамтамасыз ете білді.
Құрамында акушер-гинеколог, кардиолог, эндокринолог, хирург, дерматолог, лор, УДЗ, невропотолог, офтальмолог, акушерка, онколог, ЭКГ медбикесі бар бұл команда «Туған жерге тағзым» акциясы аясында емделушілерге тегін мінсіз медициналық қызмет көрсетті. «Туған жерге тағзым» атты акциямен өткен аталмыш мазмұнды іс-шара одан әрі Балтакөлдегі сәулетті мәдениет сарайында жалғасты.
Елімізге белгілі азамат Шыңғыс Мұқан мен аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов, аудандық мәслихаттың төрағасы Уәлихан Ұзақов пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бектемір Алтыбаевтар Балтабай Тасболатұлының бойындағы азаматтық, елге, жерге деген перзенттік қасиеттеріне кеңірек тоқталып, айрықша алғыс сезімдерін білдірісті. Ерекше әсерлі іс-шарада аудан әкімі Б.Асановқа Алғыс хат тапсырып, өз кезегінде сөз алған Балтабай Тасболатұлы, бүгінгі шараға қолдау білдіргені үшін аудан басшылығына ризашылығын білдіріп, алдағы кездері де ел игілігі жолында аянбай қызмет ете беретінін жеткізді.
Сауабы мол игілікті істерге куә болған басшылар мен жұртшылық ауылдық ауруханада емделушілерді қабылдап, мінсіз қызмет көрсетіп жатқан шымкенттік дәрігерлердің жұмыстарымен танысып, еңбектеріне табыс тілеп тарасты.
Мемлекет басшысының атамекенді, туған жерді қадірлеу, құрметтеу туралы бастамасынан кейін еліміздің барлық аймағында «Туған жерге тағзым» акциясы өткізілді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы сондай тағылымды шаралардың бірі Шиелі ауданында да өткені есімізде. Байыптап қарасақ, туған өлкесіне қол ұшын созып, оның гүлденуіне үлесін қосқысы келетін жайсаң жандар көп екен.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»