Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпұхар Жолдасов пен аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев жаңа емхананың ішін аралап көрді. Емханада басы ауырып, балтыры сыздап келген науқасқа барлық жағдай жасалынған. Емханада ота жасау бөлмелері бар. Онда заман талабына сай лазерлік индескапиялық соңғы үлгідегі аппараттар қойылған. Жан сақтау бөліміне бір мезетте 4 адамды қабылдауға қауқарлы. Соңғы үлгідегі аппараттармен жабдықталған. Сонымен қатар физотерапия, оңалту, зертхана бөлмелері бар. Емхана тәулігіне 500 адамды қабылдай алады.
Емханаға қосымша құрал жабдықтарды алуға кәсіпкерлікті қолдау ұлттық жобасы аясында жеңілдетілген 7 пайызбен 700 млн.теңге несие алған. Емхана ұжымы ашылу салтанатына дайындық үстінде.
Ел халқына, оның ішінде ауыл тұрғындарына медициналық-санитарлық алғашқы көмектің қолжетімділігін арттыру үшін былтыр денсаулық сақтау ұйымдары желісінің жаңа мемлекеттік нормативі бекітілгені белгілі. Осылайша, 50 адамға дейінгі ауылдарда медициналық көмекті мейіргер үй-жайсыз жүзеге асырады, ал 500 адам тұратын ауылдарда медицина қызметкерлерінің саны бір адамнан үшке дейін ұлғайып, фельдшерлік-акушерлік пункттер ашуға болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауылдағы денсаулық сақтау нысандарына түгендеу жүргізілген, нәтижесінде 200-ден астам елді мекенде медициналық нысандар жоқ екені, 400-ге жуық медициналық нысандардың жалдамалы, апаттық және іске бейімделмеген ғимараттарда орналасқаны анықталды. Ауылдық медициналық-санитарлық алғашқы көмектің медициналық инфрақұрылымының тозуы 50%-дан асқаны белгілі болды. Осыған орай ауылдық жерлерде кәсіби кадрлармен және заманауи жабдықтармен жабдықталған 700 жаңа медициналық нысан ашу көзделген. Бұл ретте ұлттық жобамен 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу және 32 көпбейінді орталық аудандық аурухана ұйымдастыру жоспарланған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылатын «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы үш міндетті қамтиды: Бірінші міндет – фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар салу арқылы барлық ауылдық елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Екінші міндет – заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған заманауи көпбейінді ауданаралық орталық ауруханалар желісін ұйымдастыру. Үшінші міндет – ауылдық денсаулық сақтау объектілерін медицина кадрларымен қамтамасыз ету. Жобаны іске асырудың нәтижесінде профилактикалық қарап-тексерулердің, скринингтердің, сондай-ақ ауыл тұрғынына алғашқы шұғыл, мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді төмендету жоспарланған.
Былтыр қараша айындағы үкімет отырысында Әлихан Смайылов ауылдарда медициналық қызметтің сапасын жақсарту үшін барлық инфрақұрылымды жаңғырту қажет екенін атап өткен болатын. Осы орайда жоба аясында 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынып, қайта жөнделеді. Сондай-ақ 12 аурухана жаңғыртылып, жаңадан 20 аудандық аурухана ашылады. Сонымен қатар басқа да жобалар аясында, мысалы, «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша медициналық нысандарды салу көзделіп отыр. «Ауыл халқы үшін барлығы 700-ге жуық медициналық нысан ашылатын болады. Бұл үшін жергілікті атқарушы органдар жер учаскелерін бөлуді жедел қамтамасыз етіп, инженерлік коммуникацияларды жүргізу мәселесін шешуі қажет», деген еді Ә.Смайылов. Осылайша, Ұлттық жоба шеңберінде ауылдағы медициналық ұйымдарды денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне интеграциялау және жаңа технологияларды жаппай енгізу көзделген. Бұл азаматтарға өздері тұратын өңірлерде сапалы медициналық қызметтер алуға мүмкіндік береді. Ұлттық жобаның аса маңызды қырларының бірі – кадр тапшылығы проблемасын шешу және ауылдық жердегі медицина қызметкерлерінің біліктілік деңгейін арттыру. Ол үшін өңір әкімдері ауылға келетін медициналық кадрлардың әлеуметтік мәселелерін шешуге назар аударуға тиіс. Жас мамандар ауылға келіп, біліктілігін арттыруға және жұмыс істеуге мүдделі болуы керек.
Қорыта айтқанда, кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты білім беру және денсаулық сақтау саласымен тығыз байланысты. Жасыратыны жоқ, қазір жұрт отандық медицинаны жерден алып, жерге салып жатады. Әлбетте, саладағы олқылықтар аз емес. Бірақ атқарылып жатқан жұмыстарды да жоққа шығаруға тағы болмайды. «Алғашқы көмек адамдарға барынша жақын болу қажет. Тұрғылықты жеріне қарамастан барлық азаматтарға толық көлемдегі сапалы медициналық қызмет қолжетімді болуы тиіс. Таяу жылдары қоғамдық денсаулық сақтау қызметіне және алғашқы медициналық-санитарлық көмекке жұмсалатын шығыстардың көлемін саланы қаржыландырудың жалпы есебінен 60%-ға дейін ұлғайту қажет. Нәтижесінде, 2025 жылға қарай алдын алу шараларына бағытталған шығындардың көлемі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деңгейіне жетеді». Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәрігерлердің халықаралық құрылтайында айтқан сөзі. Демек, денсаулық сақтау саласын дамыту – мемлекеттің басым міндеттерінің бірі.
«AQ-QARA.KZ»