Сейсенбі, 24 Қазан 2023 23:41

ШЫМКЕНТТЕ 8 АЙДА 20 МЫҢНАН АСТАМ СӘБИ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН

Шымкент қаласының халқы 1 қыркүйектегі мәліметке сәйкес, 1 210 658 адамға жеткен. Бұл көрсеткіш республикада 6-шы орынды, тығыздығы бойынша 3-ші орынды иемденген. Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингте Шымкент қаласы статистика департаментінің басшысы Ерназар Құлтаев осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, халық саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 29 193 адамға артқан.

Үшінші мегаполис туу көрсеткіші бойынша 4-ші орында екен. Осы жылдың 8 айында шаһарда 20 234 сәби өмір есігін ашыпты. Ал, халықтың орташа бір айда жан басына шаққандағы ақшалай табысы ІІ тоқсандағы көрсеткішке сәйкес, 110 986 теңгені құрап, өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 21,1 пайызға, нақты ақшалай табыс 5,1 пайызға өткен.

–Ақшалай табыстың негізгі бөлігі – жалдамалы және өзін-өзі жұмыспен қамтылудан түскен. Халықтың жұмыспен қамтылуын зерттейтін сауалнама нәтижесінде 2023 жылдың ІІ тоқсанында жұмыссыздар саны 21 845 болды. Мұны 2022 жылмен салыстырғанда 795 адамға кемігенін көрсетті. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында жұмыс істеп жүрген бір қызметкердің орташа еңбекақысы (шағын кәсіпорындардағы қызметкерлерді есепке алмағанда) 290 858 мың теңгені құрап, республикада орташа жалақы бойынша 18 орында тұр. Негізінен ең жоғары еңбекақы көлік және жинақтау саласы мен қызмет көрсету салалаларына тиесілі. Сонымен қатар, азық-түлік тауарларының бағасы 3,4 пайызға, азық-түлік емес тауарлар 7 пайызға, халыққа ақылы қызмет көрсету – 9,6 пайызға көтерілді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктен қырыққабат — 91 пайызға, күріш – 49, сәбіз – 24,7, картоп – 10,3 пайызға бағасы өскен. Ал, қарақұмық – 33,1, күнбағыс майы — 25,5, қант- 9,7, тауық еті – 6,1 пайызға арзандады, — деді Ерназар Сейтханұлы.

Брифинг барысында спикер қаланың экономикалық дамуына да тоқталды. Осы жылдың 1 қазанына дейін 28 334 заңды тұлға тіркеліп, өткен жылдан 5 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш республика бойынша заңды тұлғалардың жалпы санында қаланың үлесі 5,3 пайызды құрайды. Жалпы, заңды тұлғалардың басым бөлігі сауда саласына тиесілі. Бұл бағытта қаладағы кәсіпорындардың 30 пайызына жеткен. Сондай-ақ, Шымкентте жыл басынан бері өнеркәсіп орындарымен үй шаруашылықтары секторын қоса алғанда 7,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліпті. Мұны 2022 жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға артқанын көресетді.

–Осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға 434,4 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл инвестицияның басым бөлігі жылжымайтын мүлік пен көлік, өнеркәсіп салаларына тиесілі. Инвестиция салымдарының 78 пайызын шағын кәсіпорындар жүзеге асырған, — деді департамент басшысы.

 

Оқылды 360 рет