Бұдан бөлек, Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлының тапсырмасына сәйкес, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында облыста 4 аудандық орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде Ордабасы аудандық орталық ауруханасының жөндеу жұмыстары толық аяқталып отыр. Сондай-ақ, Сарыағаш пен Жетісай аудандық орталық ауруханалары биыл жыл соңына дейін ел игілігіне пайдалануға беріледі. Сайрам ауданындағы медициналық нысанның жөндеу жұмыстары 2024 жылы басталады.
Бұдан бөлек, күрделі жөндеуден өткен барлық медициналық мекемелер материалдық-техникалық базамен толық қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 49 жаңа алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысанын салу жоспарланған.
Дегенмен, Түркістан облысында дәрігер мамандар тапшы. Әсіресе өңірде бейінді мамандар арасында 258 маман, анестезиолог-реаниматолог, офтольмолог, лор, кардиохирург, травматолог, кардиолог, неврпатолог, нефролог, онколог, патологоанатом, радиолог, неонатолог, жедел жәрдем дәрігері секілді кадрлар жетіспейді. Тапшылықты жою мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар мен ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының орындалуы таяуда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында баяндалды.
Жобаның мақсаты – әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету. Облыс әкімі денсаулық сақтау саласын жетілдіру үшін осы бағыттағы жұмыстарға күш салуды, медициналық қызмет сапасын арттыруды тапсырды.- Ана мен бала денсаулығын сақтау, ауылдағы медицинаны жағдайды жақсарту, әлеуметтік маңызы бар ауруларды төмендету сияқты мәселелер аса маңызды. Ұлттық жобадағы жоспарларды жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар. Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне баса назар аудару қажет. Алдын алу жұмыстары бойынша халыққа түсіндірме жұмыстары дер кезінде жеткізу керек, - деді облыс әкімі Дархат Сатыбалды.
«Дені сау ұлт» ұлттық жоба аясында былтыр медициналық нысаны жоқ ауылдық елді-мекендерде 11 медициналық пункт құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. 2023 жылға 16 нысанның құрылысы жоспарланған. Мәжілісте жас мамандарды жұмысқа тарту үшін дәрігерлерге қолдау көрсетіп, ынталандыру мәселесі талқыланды.- Бүгінгі таңға облыс бойынша жалпы 24 597 медицина қызметкерлері бар. Оның ішінде 5 481 дәрігер 19 116 орта буынды медициналық қызметкерлер құрайды. Қазіргі таңда 258 бейінді дәрігерлерге деген тапшылық орын алуда. Оның бірден бір себебі - резидентурада оқыту мерзімінің ұзақтығы деуге болады. Тапшылықты жою мақсатында 2023 жылы жергілікті бюджет есебінен бірінші рет 60 грант бөлінді,-деді А.Байдуәлиев.
Сонымен қатар жыл басынан бері ауылдық жерлер мен шалғай елді-мекендердегі 240 мыңға жуық халыққа жылжымалы медициналық кешендер арқылы консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсетілген. 2023 жылдың 6 айына 10 577 мүгедек балалар тіркеліп, оның ішінде 2 мыңға жуық бала оңалту орталықтарында емделген. 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринингтермен қамту 94,5%-ды құраған. Сонымен қатар апталық аппарат отырысында аудан, қалаларда абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарының барысы баяндалды. Осыған орай анықталған кемшіліктердің жойылуы жайында, олардың қазіргі жай-күйі туралы мәлімденді. Жаңадан анықталғандары жайлы айтылды. Облыс басшысы әкімдерге бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді міндеттеді.
Елімізде соңғы жылдары үкімет тарапынан халықтың денсаулығын жақсартуға арналған ілкімді жобалар жүзеге асырылып келеді. Міндет біреу – ол халық арасында сырқаттанушылар деңгейін азайтып, жұрттың салауатты өмір салтын ұстануға деген бағытын қолдау. Қай кезеңде болмасын дені сау ұлт қана дегеніне жететіні анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударды. Бұл ретте Президент тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы қаулысымен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасы бекітіліп, жүзеге асырылуда.
Жобаның мақсаты – әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету, ол 2025 жылға дейін есептелген және төрт түрлі бағытта жүзеге асырылады: Бірінші бағыт – медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру. Екінші бағыт – эпидемиялық болжау мен ден қоюдың заманауи жүйесін қалыптастыру. Үшінші бағыт – отандық фармацевтика саласының дамуына ықпал ету. Төртінші бағыт – салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыруға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған іс-шаралар.
Мемлекеттің басты басымдығы әрқашан адам денсаулығын сақтау болып табылады. Адам денсаулығын сақтау құқығына Қазақстан Республикасы Конституциясының 29-бабы кепілдік береді. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының қабылдануы да тегін емес, себебі қазіргі коронавирустық пандемия әсерінен туындаған экономикалық залал, еліміздің қиын кезеңге аяқ басуының белгісі болып табылады. Осындай қиын-қыстау кезеңде ұлттың денсаулығын көтеру ел экономикасын дамытуға байланысты. Егер елдердің табыс деңгейі мен өлім арасындағы корреляцияны қарастыратын болсақ, онда байланыс тікелей байқалады: ел неғұрлым бай болса, өлім деңгейі соғұрлым төмен және өмір сүру ұзақтығы жоғары болады.
Ұлттық жобаның бірінші бағытын жүзеге асыру үшін халықтың медициналық қызмет сапасына қанағаттану деңгейін 80%-ға дейін арттыру көзделген. Ауылдық елді мекендер, оның ішінде тірек және спутниктік ауылдар бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарымен толықтай қамтамасыз етіледі. Ұлттық жоба аясында жүкті әйелдер мен балалардың денсаулығын сақтау үшін бірнеше шара қарастырылған. Біріншіден, жүкті әйелдерді босанғанға дейінгі бақылаумен қамту көзделген. Екіншіден, 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринигтермен қамтамасыз ету қарастырылған. Үшіншіден, 8 өңірде балаларды оңалтуға арналған 8 орталық және 2 ерте араласу орталығын қосымша ашу жоспарланған. Бұл мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық оңалтумен қамтуды 3 есеге (18%-дан 60%-ға) дейін арттыруға мүмкіндік береді. Ұлттық жобаның екінші бағытында биоқауіпсіздік және сәйкестікті бағалау саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келетін санитарлық-эпидемиялық сараптама зертханаларының үлесін үштен бірге дейін арттыру жоспарланған. Аталған жобаның үшінші бағытында Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылған тапсырмалар ескерілген.
Қолданыстағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ішінде отандық өндірістің үлесін 50%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу арқылы медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектің 50%-ын отандық өндірістен қамту көзделген. Халықаралық стандарттарға сәйкес аккредиттелген зертханалар мен орталықтардың үлесі 100%-ға жеткізіледі. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шығару бойынша кемінде отыз жаңа өндірісті іске қосу жоспарланған. Ал, Ұлттық жобаның төртінші бағытын іске асыру арқылы темекі шегу көрсеткіші 19%-ға төмендейді, сондай-ақ азаматтардың 45%-ы салауатты өмір салтын ұстанып, 50%-ы дене шынықтырумен және спортпен шұғылданады деген үміт бар. Бұл үшін халықты спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз етуді мың адамға шаққанда 53%-ға дейін арттыру көзделген. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға да жағдай жасалады.
«Дені сау ұлт» әрбір қазақстандық үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз етуді қарастыратын ұлттық жоба. Бұл орайда басы ауырып, балтыры сыздаған кез келген тұрғынның бірінші кезекте медициналық қызметті сапалы әрі уақытында алуы маңызды болып тұр. Өйткені уақыт өткізіп алмай дұрыс емдеудің талай тағдыр иесін ажалдан арашалап қалып жатады. Бұл жобаның аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар өз жемісін беріп келеді дейді денсаулық сақтау саласының мамандары.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат