Жексенбі, 18 Ақпан 2024 16:43

Шымкентте 1300-ден астам азаматқа жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілген

Шымкентте былтыр міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде 1300-ден астам адамға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілді – деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Яғни, ми қан тамырларының күрделі бұзылыстары мен жүрек ауруларын емдеуде күрделі ота жасауға қолжетімділік артып отыр. Сондай-ақ МӘМС аясында бүйрек, бауыр трансплантациясы мен алғаш рет жүрек трансплантациясы жүзеге асырылуда.

Мегаполистегі № 2 қалалық аурухананың дәрігерлері 72 жастағы пациентке күрделі ота жасап, инсульттың алдын алды. Науқастың миына қан жеткізетін ұйқы артериялары бітеліп, халі мүшкіл болған. Білікті дәрігерлер құрамы дереу шешім қабылдап, оған МӘМС есебінен құны 6 млн 200 мың теңге тұратын жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетті. Күрделі отаны білікті нейрохирург Еркін Медетов жасады. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы жақсы, палатаға шығарылды.

Бүгінде қалада жоғары технологиялық медициналық көмек түрлерін ұсынатын 10 медициналық мекеме қызмет көрсетуде. Биыл бұл мекемелер тарапынан 1500-ге жуық адамға көмек көрсету жоспарланып отыр.

Оқылды 290 рет