Сенбі, 13 Сәуір 2024 11:53

Түркістан облысында денсаулық сақтау саласына қатысты өзекті мәселелер талқыланды

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының 2023 жылдың қорытындысы бойынша алқа отырысы өтті. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарлары, денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшылары, ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары, жеке медициналық орталықтардың басшылары қатысып, баяндамалар жасалды. Күн тәртібінде 6 мәселе тыңдалды.

Отырысты облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев жүргізді. Алқа отырысында туберкулез, қатерлі ісік ауруларымен күрес, алдын алу шаралары да сөз болды. Бұдан кейін жұмыс барысындағы кемшіліктер сараланып, аудандық аурухана дәрігерлерінің уәждері тыңдалды. Мәжілісте халыққа сапалы медициналық көмек көрсетудің жолдары қаралды.

– Халықтың медициналық қызметке жүгіну көрсеткіші өсіп отыр. Медицина қызметіне жүгінген халыққа сапалы көмек көрсету қажет. Бүгінгі таңда аталған сала бойынша келіп түсетін шағымдар саны артқан. Жекеменшік медициналық мекемелермен тығыз байланыс орнатылып, алгоритм жүйесін өзгертіп, қайта жаңарту керек. Жалпы облыста 2023 жылдың қорытындысымен 2 046 668 тұрғынның ішінде МӘМС жүйесіне сақтандырылғандар саны – 1 606 145, сақтандырылмағандар саны – 414 869. МӘМС жүйесін түсіндіру, тіркеу және осы жүйе арқылы сапалы медициналық көмек көрсету жұмыстарын жандандыру қажет, – деді Бейсен Тәжібаев.

Облыста 2023 жылдың қорытындысымен ішкі медициналық көрсеткіштерді жақсарту, медициналық қызмет сапасын көтеру, адами және материалдық ресурстар тиімді және қарапайым пайдалану бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдары тіркелген халыққа қажетті медициналық көмек көрсету және жыл басынан бастап қойылған жұмыстың нысаналы индикаторларына қол жеткізу бойынша тиісті жұмыс жүргізілді.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев медициналық қызмет сапасын жақсартуды, дәрігерлер біліктілігін арттыруды, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын күшейтуді, жаңа нысандар құрылысы мен күрделі жөндеуге қадағалау жүргізуді күшейтуді тапсырды.

Өткен жылы өңірде 17 медициналық нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Оның ішінде, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында іске асырылды. Құрлысы 2023 жылдан 2024 жылға өтпелі 7 нысан бар.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық Ұлттық жобасы аясында облыста 4 аудандық орталық ауруханаларды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланған. 2023 жылы 9,3 млрд. теңгеге 712 дана, оның ішінде ауыр – 32 дана медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Медициналық ұйымдарға үнемделген қаржы есебінен 75 дана 4 санаттағы жедел-жәрдем автокөлігі және 716 дана компьютер берілді. Облыс бойынша медициналық техникамен жабдықтау пайызы – 84 % болса, 2024 жылы 89 %-ға көтеру жоспарлануда. Жалпы Түркістан облысында 45 мекеме 756 медициналық ұйымдар жұмыс істейді.

Осы тұста айта кетсек, биылғы жылдың басында Түркістан облысының денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы талқыға түскен жиын өткені белгілі. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжіліс отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев маңызды саланы жетілдірудің негізгі бағыттары туралы баяндаған болатын.

Түркістан облысында медицина саласы бойынша 45 мемлекеттік мекеме, 700-ден астам ұйым және 130 жеке меншік мекемелер, оның ішінде 36 емхана бар. Медициналық ұйымдарда 35 мыңнан астам дәрігер мен орта медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Жылына облыс халқына 3 миллионнан астам клиникалық-диагностикалық қызметтер, 900 мыңнан астам жедел жәрдем шақыртулары, 3,5 мыңға жуық санавиация шақыртулары жүргізіледі. 2023 жылы облыс халқы 14 млннан астам амбулаторлы қабылдауға жүгінген. Стационарлы көмек 2 млн-ға жуық көрсетілген, оның ішінде 547 291 емделушіге ота жасалған.

Өңірде бірнеше медициналық нысан құрылысы қолға алынған. Сонымен қатар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қарастырылған.

- Бұдан бөлек, 73 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету нысандарға қажеттілік бар. Аталған мәселені шешу үшін инвесторлар тартылуда. Биыл 8 аудандық ауруханаларда күрделі жөндеу басталады. Ұлттық жобаға сәйкес 4 аудандық аурухана көпбейінді аудан аралық аурухана болып бейінделеді. Осы аталған ауруханаларда таза аймақтың болуы міндеттелген. Осыған сәйкес, Жетісай, Ордабасы, Сайрам аудандарында және облыстық клиникалық ауруханасында және Кентау қалалық ауруханасында таза аймақ құратын боламыз. Сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің сервистік моделін енгізуді ұсынамыз. Сервистік модель пациентке бағытталған болады. Яғни, қызмет көрсету сапасын және пациенттердің қауіпсіздігін жақсарту, Этика және деонтологияны жақсарту, Халықпен коммуникацияны арттыру және Технологияларды жетілдіру бойынша ісшаралар жүргізілетін болады, - деді басқарма басшысы.

Материалдық-техникалық жарақтандыру мәселесі қарастырылуда. Тозығы жеткен техниканы жаңартуға байланысты нақты керек техниканы анықтау үшін сараптама жүргізілді. Кадрлардың біліктілікті арттыру үшін тиісті шаралар қолға алынуда. Ол үшін облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы базасында симуляциялық оқу орталығын құру жоспарланған. Серіктес-стратег шетелдік клиникалармен серіктестікті дамыту бағытында жұмыс жүргізілуде.

Отырыста тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде облыстың практикалық денсаулық сақтау саласына жаңа технологиялар мен медициналық қызметтер, халық денсаулығының индексін ұлғайта отырып, профилактикалық медицина мен ерте диагностиканы дамыту және маңызды көрсеткіштерді жақсарту, Денсаулық сақтау басқармасының инновациялық медициналық жүйесін құруға қол жеткізуге болатыны жайлы айтылды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 167 рет