Сейсенбі, 16 Сәуір 2024 17:16

Түркістан: МӘМС жүйесінің медицинаны қаржыландыруы 1,7 есеге артқан

Түркістан облысында МӘМС қорының медициналық саланы қаржыландыруы 1,7 есеге артты. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі - шалғайдағы елді мекендерде қызметтер спектрін кеңейтуге мүмкіндік берді.

Бұл жөнінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиал директоры Нұрлан Қыдырбаев мәлімдеді. Филиал директорының айтуынша, биыл Қормен 171 медициналық ұйым келісімшарт жасаса, олардың 77-сі ауылдық елді мекендерде орналасқан. 2023 жылы аудандық деңгейдегі медициналық ұйымдар тегін медициналық көмек шеңберінде - 100,5 млрд теңге, ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша - 111,1 млрд теңге көлемінде қаражат алған. Аталған қаражат - алғашқы медициналық-санитариялық, консультациялық-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық оңалту, стационарларда емдеуге жұмсалған.

- Қор филиалы Түркістан облысының тұрғындарына сақтандыру пакеті шеңберінде консультативтік-диагностикалық қызметтерге - 33,1 млн теңге, стационарлық медициналық көмекке - 28,9 млн теңге, ауыл тұрғындарына стационарлық және стационарды алмастыратын көмектерге - 25,5 млн теңге төледі. Оның ішінде, компьютерлік томография мен магнитті-резонанстық томографияға деген сұраныс жоғары. Жалпы сомасы 982 555 теңгені құрайтын 75 мыңнан астам КТ жасалған. Сондай-ақ, 86 мыңнан астам МРТ қызметіне Қор филиалы 1,3 млн теңге бөлді. Науқастар тарапынан үлкен сұранысқа ие қызметтің бірі – медициналық оңалту, оған 6,1 млн теңге жұмсалды - деді филиал директоры Нұрлан Икрамұлы.

Еліміз бойынша Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде халықты медициналық көмекпен қамту деңгейін жоғарылату межесі тұр. Түркістан облысы бойынша бұл көрсеткіш – 80%. Былтыр облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың қатысуымен өткен өңірлік штаб отырысында да осы мәселе айтылған еді. Жиында халықты МӘМС жүйесіне тарту жөніндегі жобалық кеңсесінің жұмысы (алгоритмі) туралы және қала, аудан деңгейінде штаб құру мәселелері қаралған болатын.

– Облыс, қала, аудан әкімдіктеріндегі МӘМС жүйесі бойынша жұмысшы топ (штаб) құрамын қайта жасақтау тапсырмасы берілді. Қазіргі таңда Түркістан облысының өңірлік штабы құрылды. Осыған сәйкес, халықты МӘМС жүйесіне тарту мәселесі бойынша қала, аудан деңгейінде жұмысшы топты жасақтап, штаб құру қажет. Елге сапалы медициналық көмек көрсету – маңызды міндет, – деген еді сол кезде Бейсен Тәжібаев.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Нұрлан Қыдырбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда сақтандырылмағандардың санының өсуі өзекті мәселе боп отыр. Әлеуметтік сақтандыру медициналық қорының ішінде 15 санаттағы адамдар сақтандыру қорынан босатылған. Олар: 18-ге толмаған балалар, жүкті әйелдер, мүгедектер, күндізгі бөлімде оқитын студенттер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері мемлекет тарапынан сақтандыру қорынан заңды түрде босатылған. Бүгінгі таңда жеңілдікті санатқа жататындар саны – 1398 011 адам. Олар тегін медициналық көмек және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жүйесінде медициналық көмек ала алады екен.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Түркістан облысында әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне халықты тарту мақсатында кеңінен ақпараттық насихаттау, түсіндіру жұмыстары жүргізілу қажеттігін айтты. МӘМС жүйесінің қамту көрсеткіштерін арттыру бойынша белсенді жұмыстар атқаруды тапсырды. Алдағы уақытта, барлық қала, аудан әкімдіктеріне және штаб мүшелеріне «МӘМС жүйесіне халықты тарту жөніндегі Жобалық кеңсенің жұмыс істеу алгоритмі» жолданады. Соған сәйкес, жұмыс жүргізіледі.

Айта кетейік, Халықты МӘМС жүйесіне тарту жөніндегі жобалау кеңсесінің (бұдан әрі – Жобалау кеңсесі) жұмыс істейді. Орталық мемлекеттік органдар мен олардың аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдардың және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» қоғамы іс-қимылын қамтамасыз етуді іске асырады. Жобалық кеңсе орталық деңгейде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен құрылады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 206 рет