Облыс әкімі аталған нысандардың құрылысын құрылыс басқармасымен қатаң бақылауда ұстау қажеттігін айтып, медициналық нысандарды құрал-жабдықтармен қамту ісін жандандыру қажеттігін тапсырды.
– Халықтың денсаулығын сақтау, жақсарту, қауіпті аурулардың алдын алу – маңызды мәселе. Әр аудан, қаланы зерделеп, аурулардың таралу көрсеткішіне сараптама жасап, нақты жұмыс жүргізген жөн. Тұрғындар денсаулығын сақтауда алдын алу жұмыстарын жандандырыңыздар. Спорттық іс-шараларды көбейту, саламатты өмір салтын насихаттап, оны күнделікті өмірге енгізу маңызды Ауыл-аймақтарда да сапалы медициналық көмек қолжетімді болуы тиіс. Емдеу мекемелері тарапынан ұсынылатын дәрі-дәрмектер туралы ақпаратты ел білуі керек. Халықпен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, денсаулығын жақсартуға күш салыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің өзекті мәселелері бойынша бүгінгі таңда облыста 372 589 азамат Медициналық әлеуметтік жүйесінен тыс қалуда.
Өткен жылы Денсаулық сақтау басқармасының Call-центріне 19 мыңнан астам қоңырау түскен. Оның 18 мыңнан астамы – мәлімет алу, алғыс айту, кеңес алу. Негізгі шағымдар мен ұсыныстар этико-деонтологияға, медициналық көмектің сапасыздығына, жекеменшік медициналық мекемеге тіркеп алу бойынша түскен.
Өңірдің медициналық қызметкерлермен қамтылуы республика деңгейінде жоғары. Алайда бүгінгі таңда 245 бейінді маманға тапшылық байқалуда. Осы мәселені шешу үшін биыл облыс есебінен бейінді мамандарды оқытуға, резидентураға 139 грантқа қаржы бөлу жоспарлануда. Сонымен қатар ауылға келген жас мамандарға әлеуметтік көмек қаржысын ұлғайту жұмыстары қолға алынуы қажет.
2023 жылы 712 дана, оның ішінде ауыр 32 медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Медициналық ұйымдарға үнемделген қаржы есебінен 4 санаттағы 75 жедел-жәрдем автокөлігі және 716 компьютер берілді. Биыл медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 6 млрд. теңге қаржы қарастырылды.
Одан бөлек, өңірде 61 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету нысандардың қажеттілігі бар. Аталған мәселені инвестор салған дайын ғимаратты сатып алу немесе жеке клиникасы бар медциналық ұйымға елді мекеннің халқын тіркеу арқылы медициналық нысандарды салу жоспарлануда.
Жиында дәрігерлер тапшылығын жою, МӘМС жүйесіндегі жұмысты жандандыру, тұрғындарды медициналық мекемелерге тіркеу бойынша кемшіліктерді жою, инвесторлар тарту, медициналық нысандарды құрал-жабдықтармен қамту ісін жандандыру мәселелері сараланып, тиісті ұсыныстар айтылды.
Жалпы, Түркістан облысында халықтың медициналық қызметке жүгіну көрсеткіші өсіп отыр. Медицина қызметіне жүгінген халыққа сапалы көмек көрсету қажет. Бүгінгі таңда аталған сала бойынша келіп түсетін шағымдар саны артқан. Жекеменшік медициналық мекемелермен тығыз байланыс орнатылып, алгоритм жүйесін өзгертіп, қайта жаңарту керек дейді облыс басшылығы. Жалпы облыста 2023 жылдың қорытындысымен 2 046 668 тұрғынның ішінде МӘМС жүйесіне сақтандырылғандар саны – 1 606 145, сақтандырылмағандар саны – 414 869. МӘМС жүйесін түсіндіру, тіркеу және осы жүйе арқылы сапалы медициналық көмек көрсету жұмыстарын жандандыру қажеттігі туып отыр.
Облыста 2023 жылдың қорытындысымен ішкі медициналық көрсеткіштерді жақсарту, медициналық қызмет сапасын көтеру, адами және материалдық ресурстар тиімді және қарапайым пайдалану бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдары тіркелген халыққа қажетті медициналық көмек көрсету және жыл басынан бастап қойылған жұмыстың нысаналы индикаторларына қол жеткізу бойынша тиісті жұмыс жүргізілді.
Өткен жылы өңірде 17 медициналық нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Оның ішінде, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында іске асырылды. Құрлысы 2023 жылдан 2024 жылға өтпелі 7 нысан бар.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық Ұлттық жобасы аясында облыста 4 аудандық орталық ауруханаларды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланған. 2023 жылы 9,3 млрд. теңгеге 712 дана, оның ішінде ауыр – 32 дана медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Медициналық ұйымдарға үнемделген қаржы есебінен 75 дана 4 санаттағы жедел-жәрдем автокөлігі және 716 дана компьютер берілді. Облыс бойынша медициналық техникамен жабдықтау пайызы – 84 % болса, 2024 жылы 89 %-ға көтеру жоспарлануда. Жалпы Түркістан облысында 45 мекеме 756 медициналық ұйымдар жұмыс істейді.
Осы тұста айта кетсек, биылғы жылдың басында Түркістан облысының денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы талқыға түскен жиын өткені белгілі. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжіліс отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев маңызды саланы жетілдірудің негізгі бағыттары туралы баяндаған болатын.
Түркістан облысында медицина саласы бойынша 45 мемлекеттік мекеме, 700-ден астам ұйым және 130 жеке меншік мекемелер, оның ішінде 36 емхана бар. Медициналық ұйымдарда 35 мыңнан астам дәрігер мен орта медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Жылына облыс халқына 3 миллионнан астам клиникалық-диагностикалық қызметтер, 900 мыңнан астам жедел жәрдем шақыртулары, 3,5 мыңға жуық санавиация шақыртулары жүргізіледі. 2023 жылы облыс халқы 14 млннан астам амбулаторлы қабылдауға жүгінген. Стационарлы көмек 2 млн-ға жуық көрсетілген, оның ішінде 547 291 емделушіге ота жасалған.
Өңірде бірнеше медициналық нысан құрылысы қолға алынған. Сонымен қатар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қарастырылған.
- Бұдан бөлек, 73 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету нысандарға қажеттілік бар. Аталған мәселені шешу үшін инвесторлар тартылуда. Биыл 8 аудандық ауруханаларда күрделі жөндеу басталады. Ұлттық жобаға сәйкес 4 аудандық аурухана көпбейінді аудан аралық аурухана болып бейінделеді. Осы аталған ауруханаларда таза аймақтың болуы міндеттелген. Осыған сәйкес, Жетісай, Ордабасы, Сайрам аудандарында және облыстық клиникалық ауруханасында және Кентау қалалық ауруханасында таза аймақ құратын боламыз. Сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің сервистік моделін енгізуді ұсынамыз. Сервистік модель пациентке бағытталған болады. Яғни, қызмет көрсету сапасын және пациенттердің қауіпсіздігін жақсарту, Этика және деонтологияны жақсарту, Халықпен коммуникацияны арттыру және Технологияларды жетілдіру бойынша ісшаралар жүргізілетін болады, - деді басқарма басшысы.
Материалдық-техникалық жарақтандыру мәселесі қарастырылуда. Тозығы жеткен техниканы жаңартуға байланысты нақты керек техниканы анықтау үшін сараптама жүргізілді. Кадрлардың біліктілікті арттыру үшін тиісті шаралар қолға алынуда. Ол үшін облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы базасында симуляциялық оқу орталығын құру жоспарланған. Серіктес-стратег шетелдік клиникалармен серіктестікті дамыту бағытында жұмыс жүргізілуде.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат