Сәрсенбі, 29 Мамыр 2024 10:20

Шымкент: Жіті ішек инфекциясы ауруларының эпидемиологиялық ахуалы тұрақсыздануы мүмкін

 

Жеміс-жидектердің ерте пісуіне байланысты және өңірлерде су тасқыны салдарынан ашық су көздері (өзен, көл және т.б.) ластануына орай өткір ішек жұқпалы аурулары, тырысқақ, паразитарлы аурулардың өршу қаупі туындауынан эпидемиологиялық ахуал тұрақсыздануы мүмкін. Бүгінде қаламызда күнделікті тұрғындар арасында жіті ішек инфекциясы, паразитарлы аурулардың тіркелуі жалғасуда.

 

2024 жылдың соңғы 4 айындағы статистикалық мәліметке сүйенсек, тұрғындар арасында 174 жағдай жіті ішек инфекциясы (әрі қарай – ЖІИ) тіркеліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық 3,9%-ға өскен. Ауырғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар да бар. Бүгінде 130 жағдай тіркелген.

Айгүл Мелесқызының түсіндіруінше, ЖІИ – ас қорыту жолдарын зақымдайтын инфекциялық аурулар тобы. Қоздырғыштар сыртқы ортаға өте төзімді және ұзақ уақыт топырақта, суда, сондай-ақ қасық, тәрелке, есіктің тұтқасы, ойыншық және т.б. заттарда сақталуы мүмкін. Микробтар суда, сүтте, сүт өнімдерінде, салаттарда және басқа да тез бұзылатын азық-түліктерде көбейеді.

Қоздырғыштар адам ағзасына лас қол, лас су және микроб түскен азық-түлік, жуылмаған немесе таза жуылмаған жеміс-жидектер, науқас пайдаланған заттар арқылы (ыдыс, киім-кешек, төсек-орын, жеке басының құралдары) жұғады. Құрамында қоздырғышы бар қайнатылмаған суды, сақталуы бұзылған дайын тағамдарды пайдалану арқылы (сүт және сүт тағамдары, салаттар, ет пен ет өнімдерінен дайындалған тағамдардан, паштет, тоңба (холодец)) жаппай ЖІИ орын алуы мүмкін. ЖІИ ауырған науқасты күту кезінде және ластанған сумен қол жуғанда, жеке басының тазалығын сақтамағанда қоздырғыш жұғады.

Қазіргі уақытта ЖІИ көбі тағаммен байланысты және де олардың саны жаз-күз мезгілдерінде артады, себебі осы уақыттарда жеміс-жидектер піседі. Сонымен қатар, аурулардың тарауына шыбын-шіркейлер үлкен әсерін тигізеді, олар дизентерия, сүзек, қылау қоздырғыштарын тасымалдайды. ЖІИ жасырын мерзімі қысқа – 6-48 сағаттан бастап 7 күнге дейін жүреді. Клиникалық белгілері іштің ауыруы, құсу, іш өту, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі байқалса, уақыт өткізбей дәрігерге көрінген дұрыс. Құсқанда және іш өткенде адам сұйықтықты жоғалтады, соның нәтижесінде ағзадағы су алмасу процесі бұзылып, жүректің, тамырлардың, бүйректің және басқа ағзалардың қызметінің бұзылуына әкеп соғады. Әсіресе, ағзаның сусыздануы балалар мен қарияларға өте ауыр өтеді, асқыну жағдайы көбірек болады – дейді Айгүл Мелесқызы.

Эпидемиологтар сонымен қатар халық арасында ЖІИ тіркелуінің тырысқақтың таралуына да әсері орасан дейді.

 

 

Оқылды 171 рет