Жұма, 22 Қараша 2024 11:34

Шымкентте жақында 200 орындық жаңа заманауи перзентхана бой көтереді

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков атап өтті.

Денсаулық сақтау басты орында екені бәрімізге белгілі. Бұл сала бойынша да қызмет сапасын арттыру қолға алынды. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы көлемі ұлғайтылып, бүгінде медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту деңгейі 86,5 пайызға жетті (2023 жылға – 83,8%).  

2 ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде (№1 қалалық клиникалық ауруханасы және жұқпалы аурулар ауруханасы). Соңғы 2 жылда 13 жекеменшік емхана ашылып, мемлекеттік ұйымдардың орташа жүктемесі 26 мыңнан 21 мыңға азайды.

Биыл 46 дәрігер Ресей, Түркия елдерінің клиникаларында біліктілігін арттырды, жыл соңына дейін 29 дәрігер тәжірибе алмасу курстарына қатысатын болады (Ресей).

Алғаш рет балалар ауруханасы мен перинаталдық орталықта госпитальдық фармация бөлімшелері ашылды. Жыл соңына дейін осындай 5 бөлімше іске қосылады.

Сонымен қатар, биыл балаларға арналған кардиохирургия орталығын ашуды жоспарлап отырмыз.

Жедел жәрдем қызметінің сапасын көтеру мақсатында 23 арнайы автокөліктер алынды.

Жергілікті мамандардың біліктілігімен 828 адамға нейрохирургия отасы және 2 бауыр, 9 бүйрек трансплантациясы жасалды.

Алдағы жылдары 1 көпфункционалды аурухана және 200 орындық жаңа заманауи перзентхана, әрқайсысы ауысымына 500 адамға арналған 4 емхана салу жоспарымызда.

Әкімдік алдындағы маңызды міндеттердің бірі – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қорғау, оларға сапалы медициналық көмек көрсетіп, қоғамдық өмірге бейімдеу.

Өкінішке орай, бұл санаттағы азаматтардың саны жыл сайын өсіп келеді (2022 ж. – 38 976, 2023 ж. – 40 728, 2024 ж. 10 айы – 41 544 адам).

Сондықтан, бөлінген қаржы көлемі ұлғайтылып (2024 жыл – 12,3 млрд тг, 2023 жыл – 8,2 млрд тг), 38 мыңға жуық әлеуметтік қолдау көрсетілді.

Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, биыл заманауи үлгідегі 150 орындық оңалту орталығының құрылысы басталды.

Одан бөлек, №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығына 50 орындық қосымша ғимарат салу және №6 орталыққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

 

Оқылды 161 рет