МӘМС жүйесі шеңберінде омыртқа жарығы диагнозы қойылған азаматтар медициналық көрсетілімдерге сәйкес қажетті тексерулерден өтіп, ем ала алады. Медициналық көмектің көлемі науқастың жағдайына, аурудың асқыну деңгейіне және дәрігердің қорытындысына байланысты анықталады.
Атап айтқанда, пациенттерге бейінді мамандардың консультациясы, қажетті диагностикалық зерттеулер, консервативті ем, медициналық көрсетілімдер болған жағдайда стационарлық емдеу, операциялық көмек және медициналық оңалту қызметтері қолжетімді.
Ем алу үшін ең алдымен тіркелген емханадағы учаскелік дәрігерге жүгіну қажет. Дәрігер пациенттің шағымдарын тыңдап, жалпы жағдайын бағалайды, бастапқы тексеру жүргізеді. Қажет болған жағдайда невропатологқа, нейрохирургке немесе басқа да бейінді мамандарға жолдама береді.
Омыртқа жарығын анықтау және оның орналасуы мен көлемін бағалау үшін дәрігердің тағайындауымен магниттік-резонанстық томография (МРТ), компьютерлік томография (КТ) және басқа да диагностикалық зерттеулер жүргізілуі мүмкін. Зерттеу түрі пациенттің клиникалық жағдайына қарай таңдалады.
Аурудың бастапқы кезеңдерінде көбіне консервативті емдеу әдістері қолданылады. Оның құрамына дәрігер тағайындаған дәрілік терапия, физиотерапиялық емшаралар және басқа да емдеу тәсілдері кіруі мүмкін. Егер консервативті ем нәтиже бермесе немесе медициналық көрсетілімдер анықталса, нейрохирургиялық емдеу мәселесі қарастырылады.
Операциядан кейін немесе аурудың белгілі бір кезеңдерінде медициналық оңалту да маңызды рөл атқарады. Оңалту шаралары қозғалыс белсенділігін қалпына келтіруге, ауырсынуды азайтуға және пациенттің күнделікті өмірге бейімделуіне көмектеседі. Оның қажеттілігі мен көлемін дәрігер медициналық көрсетілімдерге сәйкес анықтайды.
Мамандар бел аймағындағы ауырсынуды елемеуге болмайтынын ескертеді. Әсіресе ауырсыну аяққа таралса, аяқ-қолда әлсіздік немесе ұю байқалса, міндетті түрде медициналық көмекке жүгіну қажет. Ал аяқтың кенеттен әлсіреуі, шат арасының ұюы немесе зәр мен нәжісті ұстай алмау сияқты белгілер пайда болса, шұғыл медициналық көмек шақырған жөн.
Құрметті қала тұрғындары! Өз денсаулықтарыңызға жауапкершілікпен қарап, ауру белгілері байқалған жағдайда дәрігерге уақытылы қаралыңыздар. Өздігінен емделу немесе ауырсынуды басатын дәрілерді бақылаусыз қолдану аурудың асқынуына әкелуі мүмкін. Ерте диагностика, дұрыс таңдалған ем және медициналық оңалту денсаулықты сақтауға мүмкіндік береді.
МӘМС жүйесі азаматтарға қажетті медициналық көмекті алуға мүмкіндік береді. Ол үшін сақтандырылған мәртебеңізді тексеріп, тіркелген емханаңызға жүгініңіз.
Шымкент қалалық №12 емхананың дәрігері Сайера Хадиметова