Коронавирус пандемиясының болжанып отырған жаңа толқынына дайын болу үшін провизорлық және инфекциялық стационарлардың жұмысын әзірлеу мақсатында арнайы 3 сценарий әзірленген. Бұл туралы бүгін онлайн режимде коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен кеңесте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндады.
Әкімнің айтуынша, тұрақты эпидемиологиялық жағдай кезінде қаланың медицина ұйымдарында жоспарлы түрде 1380 төсек орын дайындалған. Ал қолайсыз эпидемиологиялық жағдай кезінде қаланың провизорлық және инфекциялық стационарларында 4025 төсек орынға дейін ұлғаяды. Сонымен қатар, жұқпалы аурулар өршіген кезде қаладағы медициналық ұйымдарда төсек қорын 5496 дейін арттыру жоспарланған.
Қазіргі таңда, Шымкент қаласы аталған үш сценарийге дайын. Бұл жұмысқа 36 медициналық ұйым жұмылдырылады. Бұдан бөлек, коронавирус жұқтырған науқастарды қабылдайтын 13 диагностикалық орталық ұйымдастырылды. Онда 13 КТ және 30 рентген аппараты бар. Сонымен бірге, қалада тәулігіне 3500 тест қабылдайтын 7 ПТР зертханасы бар. Оның үшеуі жаңадан ашылған.
Материалдық-техникалық жабдықтау бойынша, қосымша 282 ИВЛ алынып, аппарат саны 612 бірлікке жетті. Денсаулық сақтау нысандарын материалдық-техникалық жабдықпен қамтамасыз етуге 6 млрд. 600 млн. теңге жұмсалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 есеге көп. Сондай-ақ, медициналық ұйымдарда жаңа 3 оттегі станциясы мен 9 сұйық оттегі резервуары орнатылды.
Сонымен қатар, қаладағы 36 емханада 211 мобилді бригада құрылса, 121 жедел жәрдем автокөлігі тәулік бойы жұмыс істеуге әзір. Эпидемияға қарсы күрес үшін жаңа call-center іске қосылды. Шақыруды қабылдау линиясы 9-дан 28-ге өсіп, операторлар саны үш есеге артты. Қоңырау қабылдау қуаттылығы тәулігіне 3 500-ге жетіп отыр.
Қыркүйек айында медицина ұйымдарының өзара әрекет алгоритмі пысықталып, науқастарды категорияларға бөлуді үйлестіру үшін 3 рет оқу-жаттығу өткізілді. Медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жасақталды. Осы уақыт ішінде 10 164 медицина маманы коронавирус инфекциясымен күрес бойынша оқытылды.
Әзірге Шымкент қаласында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Індет жайлаған кезеңде дертке шалдыққан 5 мыңнан астам науқастың 4 987 емделіп шыққан. Қазір стационарларда 71 адам ем қабылдап жатыр.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат