Жұма, 09 Қазан 2020 20:16

Шымкент: Жастарға арналған денсаулық орталығының таныстырылымы өтті

Шымкент қалалық №13 емхана базасы жаңа орталықпен толықты. Емханададан ашылған жастар орталығында гинеколог, уролог, психолог, әлеуметтік қызметкер сынды мамандар жұмыс істейді. Бұл туралы денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Бүгін аталған емхананың мамандары қала жастары мен БАҚ өкілдеріне орталықтың жұмысымен таныстырды.

Мұнда 10-19 жас аралығындағы жастарға толықтай тегін қызмет көрсетілетін болды.

Мамандар орталыққа келушілердің жас ерекшеліктерін ескере отырып, оларға кешенді медициналық, психологиялық, әлеуметтік жағынан көмек көрсетеді. Оның ішінде, отбасын жоспарлау, маскүнемдік пен нашақорлықтың, АИТВ инфекциясының, стресті және құлазу жағдайларының, қатыгездік пен зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары жүргізіледі және құқықтық кеңестер беріледі. Сонымен бірге, бастапқы медициналық-санитарлық көмек, диагностикалық-кеңес медициналық көмегі де көрсетіледі.

«Жастар арасында олардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру біздің басты мақсатымыз болып табылады, біз оны жастар денсаулық орталығына енгізіп, насихаттап жатырмыз. Жас ұрпақтардың жыныстық қатынас мәселесіне білімді әрі қауіпсіз тәсілмен қарауы жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың қаупін азайтады. Бұл да орталықтың басты міндеттерінің бірі. |Жастар денсаулық ортылығы жастар арасында танымал болып келеді және біз жұмыстың тиімділігін көріп отырмыз», – дейді №13 қалалық емхананың бас дәрігері Алия Молдыбаева.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

Оқылды 508 рет