Арыс қалалық орталық ауруханасында да Covid-19 инфекциясымен күрес жұмыстары қолға алынған. Медициналық ұйым жеке қорғаныс киімдері мен дәрі-дәрмектің екі айлық қорымен қамтамасыз етілген. Жансақтау бөлімінде 9 өкпені жасанды желдету аппараты, қосымша оттегі оксигенераторлары және басқа да қажетті медициналық құрал-жабдықтар орнатылған. Сондай-ақ, коронавирус инфекциясымен күреске жұмылдырылған 19 мобильді топ халыққа қызмет көрсетуде.
Ал Ордабасы аудандық орталық ауруханасында коронавирус инфекциясын анықтайтын зертхана іске қосылған. ПТР сынамасы бойынша анықтайтын зертхана тәулігіне 500-ге жуық тест қабылдауға мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта Арыс қаласы мен Бәйдібек аудандарынан сынама қабылдау жоспарлануда. Түркістан облысы бойынша мұндай 12 зертхана жұмыс істеуде. Сонымен қатар, ауданда ескі аурухана ғимараты толық күрделі жөндеуден өткізіліп, 100 төсек орынды провизорлық, 10 орынды обсервациялық бөлім ашылған. Қазіргі таңда емдеу мекемесі жеке оттегі станциясы, 23 өкпені жасанды желдету аппаратымен жасақталған.
Айта кетейік, аймақта бүгінде жалпы 23 429 медицина қызметкері бар. Оның 5000-нан астамы дәрігерлер, қалғандары орта буын мамандары. Ақ халатты жандардың ерен еңбегінің арқасында өңірде қауіпті індетті жұқтырған 3331 науқас толық жазылып шыққан. Жалпы, пандемия белең алғалы облыста Covid-19 инфекциясы расталған 3395 жағдай тіркелді. Олардың 2355-де ауру симптомсыз өткен.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат