Емдеу мекемелерін төсек-орынмен толық қамту, материалды-техникалық базасын нығайта отырып, дәрі-дәрмек пен қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуі күшейтілген. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитовтың облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов пен өңірдегі барлық медициналық ұйымдардың бас дәрігерлерімен кездесуінде атап көрсетілді.
«Қазіргі таңда облыстағы медициналық ұйымдар 2 айлық дәрі-дәрмек қорымен және медициналық құрал жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Емдеу мекемелерінің бірінші басшылары ретінде сіздер алдағы уақытта медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктіліктерін арттыруды, арнайы оқытулардан өткізуді барынша қадағалауларыңыз қажет»,-деді облыс әкімінің орынбасары Арман Сәбитов.
Облыста барлығы 23 429 медицина қызметкері еңбек етеді. Олардың 5 мыңнан астамы дәрігерлер, 18233-і орта буын медицина қызметкерлері. Биыл 1,5 мың дәрігер түрлі бағыттар бойынша Ресейде біліктіліп арттырып, тәжірибе алмасқан.
Жиын барысында облыс басшылығы шекаралас аудандарды басты бақылауда ұстауды жүктеді. Алдағы уақытта аудан әкімдері мен медициналық мекемелердің басшыларымен бірлесе онлайн форматта өзекті мәселелерді ортаға салып, шешу жолдарын қарастыру көзделген.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат