Бұған дейін күрделі ота жасату үшін балаларға басқа ірі қалалардағы медициналық ұйымдарға жолдама беріліп келген. Емдеу мекемесіндегі материалды-техникалық базаның жақсартылуы мен қызметкерлерінің арнайы кәсіби біліктілік арттыруынан, отаның ауыр түрлері аурухана қабырғасында жасалуда.
Мұнда жақын орналасқан Кентау қаласы мен Отырар, Бәйдібек аудандарының тұрғындары да ем қабылдайды. Осыдан 5 жыл бұрын қабырғасы қаланған 214 төсек-орындық аурухана базасы заманауи компьютерлік томография, сандық рентген, ультра-дыбыстық зерттеу апараттарымен толық қамтамасыз етілген.
«Емдеу мекемесінің сағатына 8 куб оттегі шығаратын жеке оттегі станциясы бар. Қалалық балалар ауруханасына оның 1 кубының өзі жеткілікті. Артығымен өндірілетін болғандықтан басқа ауруханаларға таратуға мүмкіндігіміз бар. Қосымша 19 оттегі концентраты орнатылған», - дейді Түркістан қалалық ауруханасының бас дәрігері Әбдішүкір Егізбаев.
Ауруханада хирургия, неврология, жүрек ауруларын емдеу сынды 12 бөлімше бар. Барлығы да қажетті дәрі-дәрмек және медициналық құрал-жабдықтарымен қамтылған. Білікті дәрігерлер құрамы қазір 200-ге жуық балаға емдік қызметтерін көрсетуде.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат