Дүйсенбі, 23 Қараша 2020 21:29

Түркістан облысында бір тәулікте 2 жарым мыңға жуық азамат короновирусқа тест тапсырды

Соңғы апта ішінде Түркістан облысы бойынша коронавирустық инфекциямен 22 жағдай тіркеліп, аурушаңдық алдыңғы аптамен салыстырғанда 8 жағдайға өскен.

Инфекциялық стационарларда 6 науқас Covid-19 инфекциясынан және 28 адам вирусты пневманиядан ем қабылдауда. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов баяндады.

Зертханаларда өткен тәулікте 2 233 адам коронавирустық инфекцияға сынама тапсырған. Екеуінен оң нәтиже шықты. Бүгінгі таңға облыста  тест қалдығы 76 763-ті құрайды. Жалпы, Түркістан облысында пандемия басталғалы бері COVID-19 індетін жұқтырған 3 461 науқас тіркелген. Жазылып шыққандар саны  3 378.

Індеттің ықтимал екінші толқынына дайындық мақсатында өңірде медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы үздіксіз жабдықталуда. 8 ауруханада қосымша оттегі станциялары орнатылған. Сондай-ақ, 80 бірлік оксигенация аппараты (HI-FLOW) сатып алынды. Бұдан бөлек, оттегі концентраторларының саны 900-ге жеткізіліп, оттегі нүктелерінің саны 2 095 нүктеге дейін арттырылған.

Барлық емдеу мекемелерінде 2-3 айлық дәрі-дәрмек қоры дайын. Жедел-жәрдем қызметіне 122 автокөлік қамтамасыз ету жоспарланып, бүгінгі күнге 77 автокөлік жеткізілді.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат            

 

Оқылды 456 рет