Жалпы Шымкент қаласының тұрғындарына амбулаториялық-емханалық деңгейде 14 мемлекеттік және 24 жекеменшік мекеме қызмет көрсетеді. Медициналық қызметтердің қадамдық қолжетімділігін іске асыру үшін 3 жаңа жеке медициналық ұйым (Sunkar Premium, Otau Med, Шымфарм) халыққа амбулаториялық деңгейде қызмет көрсете бастады. Осыған байланысты жекеменшік ұйымдарға азаматтар көбірек тіркелу тенденциясы көрінеді. Мәселен өткен жылы 214 828 адам тіркелсе, биыл 291 612 тұрғын тіркелген.
Медициналық мекемелердің сапасын арттыру, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында барлық мекемелерге QR код енгізу жұмыстары жүргізілуде. QR код арқылы науқас дәрігер, медициналық мекеме туралы толық ақпарат алып және көрсетілген медициналық қызметті бағалауға мүмкіндік туады. Бүгінгі таңда QR код барлық мединицалық ұйымға енгізілді. Оны пайдалану үшін ұялы телефонда QR код қосымшасын тартып алу қажет.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, дәрігерлік жүктемені азайту бойынша атқарылған іс-шаралар да өз нәтижесін берген. 2018 жылы бір дәрігерге 2084 азамат тіркелсе, былтыр 1631-ге дейін азайған.
Сонымен қатар, 2020 жылмен салыстырғанда бұл жылы амбулаториялық-емханалық деңгейдегі дәрігерлер саны 7,6 пайызға, орта медициналық қызметкерлер үлесі 6,5%-ға өскен.
«AQ-QARA.KZ-ақпарат»