Сейсенбі, 09 Наурыз 2021 21:28

Шымкент: Дәрігерлердің жалақысы өсті

Шымкентте медицина қызметкерлерінің жалақысы өсті. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап 3 288 дәрігердің жалақысы 30 пайызға, орта буынды 7 535 қызметкердің жалақысы 20 пайызға дейін көтерілген.

Жалпы саны 10 824 медицина қызметкерінің айлық табысы артқан. Бұл туралы Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов мәлімдеді. Бүгінде дәрігерлердің жалақысы орташа есеппен алғанда 150-200 мың теңгені құрап отыр.

Басқарма басшысы брифинг барысында мұнан өзге де ақпараттарға тоқталып өтті. Айтуынша, Шымкентте алғаш рет онлайн халықаралық ғылыми-практикалық конференция  өткізу жоспарланған. Конференцияда Ресей Федерациясындағы трансплантологияның өзекті мәселелері және Шымкенттегі қызметті дамыту жайы талқыланбақ. Аталған іс-шара аясында шетелден медицина мамандары келеді деп күтілуде. Кәсіби біліктілікті шыңдап, тәжірибе алмасу үшін арнайы шақырылған мамандар әйгілі Склифосовский атындағы жедел жәрдем ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері. Мәскеулік дәрігерлер трансплантологияның тәсілдері жайында шеберлік дәрістерін  өткізбек. Медициналық туризмді дамытуды қолға алған мамандар аталған іс шараның шарапаты мол боларына сенімді.

Сондай-ақ басқарма басшысы жиын соңында қаладағы эпидемиялогиялық жағдайға тоқталып кетті. Қалада 2020 жылдың
24 наурызынан 2021 жылдың 26 ақпанына дейін  COVID-19 ауруының 6 111 жағдайы тіркелген. Ал емделіп шыққан науқастар  саны – 5 551.

«AQ-QARA.KZ-ақпарат»

 

Оқылды 551 рет