Жұма, 02 Сәуір 2021 22:35

Шымкент: Коронавируспен күрестің 3 сценарийі әзірленді

Қала әкімі Мұрат Әйтенов пандемияға байланысты құрылған жедел штабтың кезекті отырысында қалада коронавируспен күрестің 3 сценарийі әзірленгенін айтып, өткен жылғы қателіктердің орын алмауын баса айтты.

«Қазір А сценарийі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл сценарий бойынша 1380 төсек-орын дайын. B және С сценарийлері бойынша 5 мың төсек-орынға жеткізуіміз керек. Әр аймаққа жеткен кезде тиісті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бас дәрігерлердің міндеті.

Сонымен бірге олар науқастарды қабылдау алгоритімін әзірлеуі тиіс. Адамдардың жиналып қалуын және кезек күтпеуін қамтамасыз етуі керек. Дайындықтар пысықталып, кемшіліктер анықталып, шешім жолдары қаралсын»,-деді М.Әйтенов.

Осы тұста қаланың бас дәрігері коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастарды емдеу үшін қаладағы медициналық ұйымдарда қажетті жағдайдың барлығы жасалғанын атап өтті. Ол медициналық ұйымдарда 900 млн. теңгенің дәрі-дәрмек қорының бар екенін, бұл екі айға дейін жететінін мәлім етті. Сонымен қатар, қала тұрғындарына қызмет көрсететін 11 ПТР зертханасы жұмыс жасауда. Зертханаларда тәулігіне барлығы 6 270 тест жасау қуаттылығы бар.

Айта кетейік, өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырған 96 жағдай тіркелді. Ал, қалада жыл басынан бері 1440 жағдай тіркелген. Бүгінгі күні қалада 1 380 төсек - орын бар оның 1067 төсек – орны бос. Жұқпалы және карантиндік ауруханаларда 313 науқас ем қабылдауда. Ауруханадағы төсек орындар толымдылығы 22% құрайды.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

Оқылды 389 рет