Жұма, 02 Сәуір 2021 21:55

Шымкенттің бас дәрігері қала тұрғындарына үндеу жасады

Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов қаладағы эпидемиялогиялық жағдайдың тұрақсыз екенін айтып, инфекцияға шалдыққан науқастар саны күн санап артып жатқандығын мәлімдеді.

– Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары! Кешегі күннен бастап қаламыз «сары аймаққа» кірді. Осы орайда инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында сақтық шараларын қатаң ұстану қажеттігін ескертеміз. Арақашықтықты сақтап, бетперде тағып, адам көп шоғырланған орындарға, той-томалаққа бармай, сақтық шараларын ұстануға шақырамыз, - деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Сонымен қатар, бас дәрігер коронавирус инфекциясына шалдыққан науқаспен байланыста болған азаматтар үйде отырып, карантин талаптарын ұстауы тиіс екендігін баса айтты.

– Қазіргі таңда Шымкентте коронавирустың ықтимал 3-ші толқынына дайындық жоспарға сай жүргізілуде. Төсек-орындар әзірленді. Дәріханаларда екі айлық дәрі-дәрмек қоры бар. Ең бастысы, дәрігер эпидемиологтардың айтқан талаптарын орындау қажет, - деді Б. Позилов.

Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкентте мамандандырылған инфекциялық стационарларда барлығы 1380 орын бар (қалалық инфекциялық орталық - 560, Атамекен клиникасы - 500, ЖШС «14 емдеу орталығы» - 320 орын), төсек-орын толымдығы 22%-ды құрайды, 1067 төсек-орын бос.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

Оқылды 300 рет