Бейсенбі, 15 Сәуір 2021 12:32

Шымкенттік дәрігер коронавирусқа қарсы вакцинация туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді

Қаламызда COVID-19-ға қарсы вакциналаудың қарқынды жүруіне байланысты «Mediker» емханасы бас дәрігерінің орынбасары Айна Тасбулатова тұрғындар тарапынан жиі қойылатын ең өзекті сұрақтарға жауап берді.

– ВАКЦИНА САЛДЫРУ ҮШІН АДАМДАР ТЕК ӨЗІНІҢ ТІРКЕЛГЕН ЕМХАНАСЫНА БАРУЫ ТИІС ПЕ?

– Жоқ, вакцинаны адам кез келген өзіне ыңғайлы болған емханадан салдыра алады. Тіркелген емханасына бару керек деген қатып қалған қағида жоқ. Тіпті басқа қаладан келген қонақтар да бізде вакцина ала алады. Тек бір ескеретін жайт, адам І компонентті қай жерде салдырса, ІІ компонентті де сол емханадан алуы керек.

– ВАКЦИНАДАН КЕЙІН 6 АЙҒА ДЕЙІН ЖҮКТІЛІКТІ ЖОСПАРЛАУҒА БОЛМАЙДЫ ДЕП ЖАТАДЫ. ОСЫ ПІКІР ҚАНШАЛЫҚТЫ ДҰРЫС?

– Әйелдерге І компонентті салдырғаннан кейін жүктілікті жоспарлауға болмайды. Араға 21 күн салып, ІІ компонентті алғаннан соң бала көтеруге болады. Вакцина жүктілікке шектеу бола алмайды.

– СОЗЫЛМАЛЫ АУРУЛАРДЫҢ НАҚТЫ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІМЕН АУЫРАТЫН АДАМДАРҒА ВАКЦИНА САЛДЫРУҒА БОЛМАЙДЫ?

– Барлық созылмалы аурулардың өршіп тұрған сатысында, мәселен туберкулез немесе қант диабеті секілді аурулармен сырқаттанып, ем қабылдап жүрген адамдарға екпе салдыруға болмайды. Ал ЖИТС (СПИД) ауруымен ауыратын адамдар тек дәрігері рұқсат етсе ғана екпе салдыруы керек. Созылмалы ауруы бар, бірақ бірқалыпты жағдайда жүрген, ешқандай қарсы көрсетілімі жоқ адамдарға екпе алуға болады.

– ВАКЦИНА САЛДЫРЫП КЕЛГЕН СОҢ ЫСТЫҒЫ КӨТЕРІЛГЕН АДАМДАР НЕ ІСТЕУІ КЕРЕК?

– Вакцина салдырғаннан кейін кішкене ауырсыну болуы қалыпты жағдай. Ыстығы көтерілген кезде дәрігердің рұқсатымен Парацетамол немесе Ибуфен дәрілерін ішуге болады. Екпенің орнына 3 күнге дейін су тигізбеу керек.

– ВАКЦИНА САЛДЫРАМЫН НЕМЕСЕ САЛДЫРМАЙМЫН ДЕП ЕКІОЙЛЫ БОЛЫП ЖҮРГЕН ТҰРҒЫНДАРҒА ҚАНДАЙ КЕҢЕС БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

– Вакцинадан қорқудың қажеті жоқ. Ол тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде жүріп жатқан процесс. КВИ-ге қарсы тұрудың бірден-бір жолы осы. Біз қалыпты өмірге тез арада оралуды ойласақ, бәріміз екпе салдыруымыз керек. Өз денсаулығымыз тек өзімізге ғана байланысты екенін ұмытпаған жөн.

– «MEDIKER» ЕМХАНАСЫНДА БҮГІНГІ КҮНГЕ ДЕЙІН ҚАНША АДАМ ВАКЦИНА САЛДЫРДЫ?

– Бүгінгі күнге дейін емханамызда 1250 адам Sputnik V вакцинасының І компонентін салдырып үлгерді. Ертеңнен бастап 50 адамға ІІ компонент салынады. Күні бүгін таңертеңнен бері 80 адам COVID-19-ға қарсы екпе алды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

 

 

Оқылды 391 рет