Бейсенбі, 15 Сәуір 2021 13:51

Шымкенттік дәрігерлер вакцина қабылдаудан қорықпауға шақырды

Қазіргі таңда Шымкент қаласы «қызыл аймақта» тұр. Осыған орай, вирустан сақтану мақсатында медицина мамандары қала тұрғындарын вакцина салдыртуға шақырады.

Бүгін №13 қалалық емханасының бас дәрігері Әлия Молдыбаева тілшіміздің вакцинаға қатысты сұрақтарына жауап берді.

- №13 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАДА БҮГІНГІ КҮНГЕ ДЕЙІН ҚАНША АДАМ ВАКЦИНА САЛДЫРДЫ?

- Осы жылдың 1 ақпанынан бастап бүгінге дейін жалпы 2659 адам вакцина салдырды. Оның 2080-і вакцинаның І компонентін салдырған. Ал 579-ы екпенің ІІ компонентін қабылдаған. Қазіргі таңда емханамызда вакцина жеткілікті. Өткен тәулікте «Спутник-V» вакцинасының І компонентінен 840 данасы келді. Ал бүгін түнде ІІ компоненті екпелер емханамызға келеді.

- ВАКЦИНА САЛДЫРҒАНДАРДЫҢ АРАСЫНДА КЕРІ ӘСЕРІН БЕРГЕНДЕР БОЛДЫ МА?

- Шымкент қаласы бойынша егуден кейінгі асқыну тіркелген жоқ. Иә, кейбір адамдарда аздаған жағымсыз әсерлер болды. Бірақ, сіреспе синдромы, анафилактикалық шок, қатты аллергиялық белгілер бірде-бір адамда болған жоқ. Сондықтан дәрігермен кеңесе отырып, вакцина қабылдаудан қорықпауға шақырамын.

- КӨП АДАМДАР ВАКЦИНАНЫ ЗИЯН ДЕП ДҰРЫС ТҮСІНБЕЙ ЖАТЫР. ЖАЛПЫ, ВАКЦИНАНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚҚА ӘСЕРІ ҚАНДАЙ?

- Оның денсаулыққа зиянды әсері жоқ. Екпенің денсаулыққа зиян екені жайындағы қауесет сөздердің ешқандай дәлелі жоқ. Әрине, реакциялар бар. Бірақ, бұл уақытша белгілер және ол қалыпты болып саналады. Ковидке қарсы тұрудың бірден-бір жолы – вакцина. Оны салдырғаннан адам өзінің денсаулығына сенімді болады.

- ВАКЦИНАНЫҢ І КОМПОНЕНТІН ҚАБЫЛДАҒАН АДАМ 21 КҮННЕН КЕЙІН ҚАЙТА САЛДЫРМАСА НЕ БОЛАДЫ?

- Негізі 21 күннен кейін вакцинаның ІІ компонентін салдырған жақсы. Егер белгілі бір жағдайларға байланысты салдыра алмаса, 2-3 күннен кейін де қабылдаса болады.

- ВАКЦИНА САЛДЫРҒАН АДАМДАРҒА ВИРУС ЖҰҒУЫ МҮМКІН БЕ?

- Вакцинаның І компонентін қабылған адам 21 күн бойына санитарлық талаптарды сақтап жүруі керек. Көп адам вакцина салдырып, осымен болды деп ойлайды. Ол дұрыс емес, тазалық сақтап, бетперде киіп жүру маңызды. Олай болмаған жағдайда вакцина салдырған күннің өзінде вирус жұқтыруы мүмкін. Ковидтен сақтанамын десеңіз, міндетті түрде вакцинаның ІІ компонентін қабылдаңыз. Вирусты жеңудің жалғыз жолы – вакцина ғана. Қала тұрғындарының бәрін екпе салдыруға шақырамын! Қазіргі таңда 39 емханада таңғы 8.00-ден 20.00-ге дейін демалыс күндері де вакцина салынуда. Тұрғындар қалауына қарай жақын жердегі емханаға барып екпе салдырса болады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

 

Оқылды 317 рет