Баспасөз мәжілісінде қаланың Бас дәрігері эпидемиологиялық ахуал мен коронавирус инфекциясына қарсы жүргізіліп жатқан вакцинациялау жұмыстары бойынша баяндады.
– Шымкент соңғы бір апта көлемінде инфекцияның таралуы бойынша «қызыл» аймаққа енді. Яғни, үшінші мегаполистегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін вакцинациялау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі уақытта қалада індетке қарсы вакцинаның I компонентін 76 мыңнан аса адам қабылдады. Ал қалғандары екінші компонентін алып жатыр. Осы орайда бүгін вакцинаның 10 610 дозасы жеткізілді. Бұл екпелер қаладағы барлық егу пунктіне толығымен үлестірілді, – деді Бақытжан Жолдасбекұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, алдағы жексенбі күні вакцинаның 30 мыңнан аса дозасы жеткізілмек. Ол бойынша Шымкентте COVID-19 инфекциясына қарсы вакцинациялауға арналған 39 егу пункті мен 320 термоконтейнер дайындалған. Ал тұрғындар арасында вакцинациялау бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары жоспарлы түрде ұйымдастырылған. Сонымен қатар екпе егу жұмыстары қосымша «Әмбебап сауда орталығы» (ЦУМ) мен «Shymkent Plaza» сауда үйлерінде күнделікті жүргізіліп отыр.
Брифингте Бақытжан Позилов өткен тәулікте қалада COVID-19 инфекциясын жұқтырған 131 жағдай тіркелгенін жеткізді. Бұл ретте ол шаһар тұрғындарын барлық санитарлық-эпидемиологиялық талапты қатаң сақтауға шақырып, коронавирусты ауыздықтаудың жалғыз жолы вакцина салдыру екенін айрықша атап өтті.
Еске салсақ, коронавирусқа қарсы вакцинаны салдыру оразаны бұзбайды. Ал екпе егу күнделікті сағат 08:00-ден 22:00-ге дейін жүргізіліп отыр.
Айта кетейік, вакцинация бойынша сауалдарға байланысты «109» немесе 39-33-47 нөміріне хабарласуға болады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат