Бұл жөнінде қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позилов баспасөз брифингінде баяндады.
- Шымкент вакциналандыру бойынша Алматыдан соң 2 орында. 43 вакцина егетін бекетте 1 компонент – 157 116 адамға, 2 компонент – 62 377 адамға егілді. Медицина қызметкерлері - 14 836, мұғалімдер - 23 761, құқық қорғау қызметкерлері - 9 569, студенттер – 5246, өзге де саладағы 94 249 тұрғын вакцина салдырды. Сонымен бірге түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 7 сәуірден бастап созылмалы ауруы барлар вакциналана бастады, саны – 7672. Шымкентте вакцина жеткілікті: Спутник, Qazcovid, HayatVax – үш түрі де бар. Соңғы бір апта көлемінде Qazcovid-тің 4 мың, 50 мың спутник, HayatVax-тың 24 000 дозасы жеткізілді, - деді Бас дәрігер.
Сондай-ақ, қаладағы эпидахуал әлі де тұрақсыз, реанимацияда жатқандардың басым бөлігі жастар екенін жеткізді. Карантиндік шектеулерді қасақана бұзушылар бойынша емханалардың шұғыл хабарламалары негізінде мониторингтік топтар 292 рейд жүргізген. Оның ішінде 195 нысанға айыппұл салынды.
Инфекциялық стационарлардағы барлық ауыр науқастардың созылмалы аурулары бар екенін, олардың барлығының вакцинациялануы қажет екенін түсіндірді. Себебі олар қайтыс болған науқастардың 96,8% құраған.
Тағы бір ескеретіні - өліммен аяқталған жағдайлардың себептерінің бірі ауруханаға кеш және өте ауыр халде жеткізілуі. Орташа есеппен науқастар үйінде дәрігерлердің бақылауынсыз 7-10 күн арасында өзін-өзі емдеп жатып қалған. Сондықтан шымкенттіктерді вакцина қабылдауға, аурудың алғашқы белгілері байқалғанда дереу дәрігерлерге хабарласуға шақырды.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат