Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бақтыораз Елемесов мәлімдеді.
«Облыстық Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қаулысына сәйкес, сенбі және жексенбі күндері өңірдегі барлық қоғамдық тамақтану орындары, банкет залдары мен жазғы алаңдардың жұмыс істеуіне шектеу қойылды. Сондай-ақ, осы күндері қоғамдық көлік, балалар ойын алаңдары, аттракциондар, батуттар, сұлулық салондары, туристік базалар, демалыс үйлері, бассейндер, монша, сауналар, облысаралық және қалалық тұрақты емес тасымалдар, компьютерлік клубтар, караоке боулинг орталықтары да қызмет көрсетпейді. Демалыс күндері жұмысын тоқтататындардың қатарында ашық және жабық базарлар да бар. Осы ретте өңірде вакцина салдыру бойынша әлі де ұжымдық иммунитет қалыптаса қоймағанын айтқым келеді. Сондықтан карантин талаптарына түсіністікпен қарап, оны қатаң сақтауды сұраймыз», – деді Б.Елемесов.
Өз кезегінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амирова жоғарыда айтылған шектеулер тіпті «Ashyq» жобасына қатысқан кәсіпкерлік нысандарына да қойылатынын мәлім етті. Оның сөзінше, облыс аумағында аталған қосымшамен 1112 кәсіпкерлік нысан жұмыс істеп келеді.
Айта кетейік, облыста пандемия басталғаннан бері «COVID-19» індетімен 8 398 азамат ауырса, оның 7 169-ы аурудан айығып шыққан, 56 адам қайтыс болған. Аймақта жалпы 516 260 адам екпенің 1-ші компонентін қабылдаса, оның 324 001-не 2 - компоненті салынған.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат