Жиынға қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, қалалық мәслихаттың хатшысы Мақсат Таңғатаров және облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, қала кәсіпкерлері қатысты. Күн тәртібінде қаладағы індеттің өршу көрсеткіштері мен вакцинациялау барысы айтылды. Түркістан қалалық "Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының" басшысы Марат Байтүгелов соңғы шыққан №16 қаулыға сәйкес енгізілетін шектеулер туралы түсіндіріп өтті. Ал, Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері Райымбек Тасырбаев сары аймаққа кірген облыстағы шаһар көрсеткіштеріне тоқталып, вакцина алудың маңыздылығын жан-жақты баяндады. Бас дәрігердің мәліметіне сәйкес, қазір қалада 15 вакцинация жасау нүктесі жұмыс жасауда. 13 нүктенің 1-і жылжымалы түрде қала аумағын аралап вакцинация жүргізуде. Кешкі 00:00-ге дейін жұмыс істейтін вакцинациялау нүктелеріне қазіргі таңда «Sputnik – V» вакцинасының 6295 дозасы жеткізілген. Мәжіліс барысында екпеге қатысты туындаған сұрақтарға жауап беріліп, бірқатар ұсыныстар айтылды. Нұрбол Әбдісаттарұлы індетпен күресуде әр азамат жеке жауапкершілігін жіті түсінуі қажеттігін, бұл бағытта түсіндіру жұмыстары күшейтілетінін айтып өтті. Жиын соңында қала басшысының төрағалығымен комиссия құрылып, жұмыс тетіктері бекітілді.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат