Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш екпенің І-ші компоненті бойынша 65,1 пайызды құрап отыр. Яғни, 31 365 аудан тұрғыны екпенің бірінші дозасын салдырған. Ал, 2-ші компонент 21 665 азаматқа егілген. Бұл көрсеткіш инфекцияның алдын алуға қажетті ұжымдық иммунитет қалыптастыруға жеткіліксіз. Кем дегенде белгіленген санаттағы тұрғындардың 70 пайызы екпені салдыру қажет. Бұл жайында бүгінгі аудан әкімі Н.Байғұттың төрағалығымен өткен жиында аудандық аурухананың бас дәрігері Б.Тұрлыбеков баяндады.
Жиында аудан аумағында коронавирус инфекциясымен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланып, жұмысты барынша жандандыру мақсатында шешімдер қабылданды.
Түлкібас және Састөбе кенттері мен Рысқұлов, Жаскешу ауылдық округтерінде халықтың екпе алу көрсеткіштері төмен. Аудан басшысы аталған округтерде тұрғындар арасында ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында екпе егу жұмыстарын жандандыру үшін қосымша дәрігерлер бригадасымен күшейтуді тапсырып, қажеттілігіне қарай дербес бөлімдердің мамандарын жұмылдыру керектігін ескертті. Әр участіктерге жауапты ретінде орынбасарларын бекітті.
Мобильді топ жетекшілеріне жұмыс күндерімен қатар сенбі-жексенбі күндері рейдтік шараларын күшейтілген режимде жүргізуді тапсырып, қоғам қәуіпсіздігі үшін жанұялық жиындар мен тойларды 100 пайызға тоқтату қажеттігін атап өтті.
Ауыл-аймақтарда той немесе басқа да жанұялық жиындар туралы жауапты мобильді топқа хабарлама беру округ әкімдерінің жеке жауапкершілігінде екені ескертілді.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат