Дүйсенбі, 02 Тамыз 2021 11:16

Түлкібас: Аудан әкімі инфекцияға қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды

Бүгінгі кезекті аппараттық жиынды аудан әкімі Нұрлан Байғұт өткен аптада халықпен етене жұмыс істеп, коронавирус инфекциясына қарсы екпе егу жұмыстарына ат салысқан қызметкерлерге алғыс айтумен бастады.

Дегенмен, инфекцияға қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастыруға бұл көрсеткіш жеткіліксіз екенін жеткізіп, жұмысты барынша жандандыруды тапсырды.

Қазіргі таңда тиісті санаттағы аудан тұрғындарының 68,5 пайызы екпенің І-ші компонентін, 45,9 пайызы ІІ-компонентін еккізген. Биыл жыл басынан бері аудан бойынша 191 азаматтан коронавирус инфекциясы анықталған. Өткен жылмен қосқанда 335 азамат инфекция жұқтырған. Жұқтырғандардың 40 пайызы 60 жастан асқан егде жастағы екпе салдырмаған тұрғындар. 18-35 жас аралығындағы азаматтардың 17 пайызы жұқтырса, қалғаны орта жастағы тұрғындар. Бұл жайында жиын барысында аудандық аурухананың бас дәрігері Б.Тұрлыбеков мәлімдеді.

Сондай-ақ, жиынның күн тәртібінде білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылы мен жылыту маусымына дайындығы және жер саласындағы өзекті мәселелер қаралды.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі індетке қарсы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру бүгінгі күннің басты мәселесі екенін айтып, алдағы күндері бекітілген санаттағы тұрғындардың 80 пайыздан астамына екпе егу жұмыстарын жүргізу қажеттігін жеткізді.

Оқу маусымы басталғанша барлық мүғалімдер мен техникалық қызметкерлер 100 пайыз екпе алу керектігін ескертіп, мектеп ғимараттарын жаңа оқу жылына дайын болуымен қатар, қазандықтары істен шыққан білім ордаларының жылу жүйесін тез арада ретке келтіруді тапсырып, шалғай ауылдардағы оқушыларды тасымалдау мәселесін жаңа оқу жылына дейін шешуді жүктеді.

Тұрмыс жағдайы төмен отбасылардағы оқушылардың мектепке дайындық мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұл бағытта аудан әкімдігі тарапынан ата-аналардың өтінішіне сәйкес, облыстық тиісті басқармамен жұмыстар жүргізілуде.

«Қыс қамын жаз ойла»-демекші, ауыл әкімдеріне ауа-райының қолайлы сәтінде жауапты аумақтарындағы барлық бюджеттік мекемелердің қысқа дайындығын осы бастан тексеріп, ретке келтіретін тұстарын реттеп, қысқа дайын болуын бақылауда ұстауды тапсырды.

Соынмен қатар, әр ауылдың әкімі округ аумағында іске асып жатқан құрылыс жұмысының сапасы мен мерзімінде іске асуын өз бақылауынан шығармау керектігін атап өтті.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 465 рет