Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Пашимовтың тапсырмасымен облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері Елдос Сұлтанов лапароскопиялық құрал-жабдықтарды аудандық ауруханаға табыстап, жергілікті дәрігерлерге өзінің тәжірибесін үйретті.
Лапароскопиялық хирургия – науқастың ішкі ағзасына ота жасау үшін тілік жасамай емдейтін хирургияның жаңа әдісі. Бұл тәсілмен ота жасалған емделуші бір-екі күн ішінде аяққа тұрып кете алады.
"Бүгін Мақтаарал ауданының медицина саласында үлкен жаңалыққа куә болып тұрмыз. Бұл операция еліміздің медицинасында бірнеше жылдан бері қолданылып келгенімен жергілікті аудандық ауруханаларға енді ғана енгізіліп жатыр. Бүгін 6 адамға ота жасайтын боламыз. Қазір бір науқасқа ота жасап, өтінен тастарды түсірдік. Сонымен қатар кіндігінің айналасында жарық бар екен, яғни грыжасы алынды" – деді Елдос Едігеұлы.
Кез келген науқас онсыз да ауырып, мазасы кетіп тұрған соң, ең жеңіл тәсілмен ем алғысы келеді. Ал лапароскопиялық технология арқылы науқастың денесін ешбір тілусіз емдеуге болады. Тек бір-екі жерден көлемі 0,5-1,5 см болатын саңылаулар жасалады. Бұндай тәсіл емделушінің қалыпты жағдайға келуін тездетеді. Ал дәстүрлі жолмен жасалатын отада науқастың қалыпқа келуі 8-9 тәулікке созылады.
"Мырзакент" аудандық ауруханасының бас дәрігері Берік Есімхановтың айтуынша, жергілікті дәрігерлер де ота жасау процесіне қатысып, жаңа әдіс туралы білім-білігін арттыруда. Сонымен қатар мақтааралдық дәрігерлер облыс орталығына да барып тәжірибе жинауды жоспарлап отыр.
«AQ-QARA.KZ-ақпарат»