Жұма, 23 Қыркүйек 2022 19:27

ШЕТЕЛДІК САРАПШЫЛАР ШЫМКЕНТТЕГІ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТІН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ

 

Қазақстанның әр өңірінен келген медицина қызметкерлері үшінші мегаполистегі жедел медициналық жәрдем көрсету стансасы сall-орталығының жұмысымен танысты.

Айтулы шараға Өзбекстан, Қырғызстан, Германия, Италиядан келген сарапшылар қатысып, қала тұрғындарына шұғыл медициналық көмек көрсететін 103 қызметін жоғары бағалады.

Халықаралық стандарттарға сай жаңартылған 103 орталығы – еліміздегі үздік мекемелердің бірі. 103 қызметіне түсетін қоңыраулардың барлығын диспетчерлер орталықта қабылдап, бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы бақылай алады.

Орталықтағы қоңырауларды басқару үшін PRI арнасының үздіксіз байланыс желісі мен спутниктік бақылау жүйесі (GPS) және мобильді интернет технологиясы қолданылады. Ең бастысы, шақыртуға баратын жедел жәрдем көліктерінің барлығы қажет жабдықтармен толық қамтылған.

– Шымкент қаласының медицинасын дамытуда бүгінгі іс-шараның маңызы зор. Қаладағы жедел жәрдем қызметін үйлестіру жақсы жолға қойылған деп айта аламын. Мұндағы симулициялық орталықта халықаралық стандарттар бойынша шұғыл көмек көрсету әдістерін тегін толықтай меңгеріп, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік бар. Бұл оқыту орталығының ерекшелігі – тек медицина мамандары ғана емес, түрлі апатты жағдайдағы шақыртуға баратын төтенше жағдай қызметкерлері мен полицейлер, ұстаздар және басқа сала мамандары шұғыл және өмірге қауіп төндіретін жағдайларда алғашқы көмек көрсету бойынша үйрене алады. Орталықтағы жаттықтырушылар АҚШ кардиологиялық қауымдастығындағы білікті мамандардан тәжірибе жинақтап келген, – дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков.

Өзге өңірден келген медицина мамандары үшінші мегаполистегі жедел жәрдем орталығындағы симулиялық орталықтың толықтай мүмкіндігімен танысып шықты. Сондай-ақ, оқыту орталығындағы жаттықтырушыларға сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Басқа аймақтан келген ақ халаттылардың айтуынша, Шымкенттегі 103 қызметінің жұмыс жүйесі жоғары дәрежеде үйлестірілген, өзге өңірлер үшін тәжірибе жинақтауға зор мүмкіндік.

«Ақмола облысынан келдік. Шымкенттегі жедел жәрдем көрсету станциясындағы жұмыстарды көріп, жоғары баға бергім келеді. Орталықтықтың медициналық жабдықпен қамтылуы, мамандардың біліктілігі мықты» —дейді Ақмола облысының жедел медициналық жәрдем станциясының директоры Александр Высоцкий.

“Біз арнайы Германиядан келдік. Шымкенттегі сall-орталықтың заманауи үлгіде екенін көрдік. Ең бастысы мұнда техникалық жабдықтармен, цифрлық жүйенің жақсы дамығанын байқадым. Мамандардың жұмыс істеу тәжірибесі жоғары деңгейде”-дейді Германия қаласындағы “Medical holding” компаниясының директоры Антонио Гиарделла.

Айта кетейік, Қазақстанның барлық өңірінен келген жедел жәрдем қызметкерлері Шымкент маңындағы республикалық конкурсқа қатысуға келді. Байқау алдында Шымкенттегі әріптестерінің жұмысымен танысты.

 

Оқылды 398 рет