Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру- қазіргі уақыттағы ең көкейкесті мәселелердің бірі болып отыр. Осыған орай, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатындаСарыағаш ауданы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты №61 жалпы орта білім беретін мектебінде 7-сынып оқушылары арасында "Нашақорлық -шын қорлық" тақырыбы бойынша сайыс өткізілді. Бұл сайыстың басты мақсаты: Жас желектей жайқалып өсіп келе жатқан жас жеткіншектеріміздің санасына ішімдік, темекі, нашаның адам баласын аздыратынын, одан аулақ болу жақтарын мысалдармен дәлелдеп түсіндіру, салауатты өмір салтына тәрбиелеу. Шара барысында балаларға нашақорлықтың зияны да түсіндірілді. Әлемді жайлаған нашақорлық дерті күн сайын тамырын тереңге жайып барады. Нашақорлық - бұл адамзат баласының денсаулығы мен еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін үлкен қатер. Есірткі - қармағына бір іліндірген соң, торға түскен балықтай қанша бұлқынғанмен, қайтып құтылу екі талай - кесел. Әсіресе, жастарды көктей орып, жуадай солдыратын - көкнәр, апиын, наша тарту есірткіқұмарлыққа жатады. Есірткінің әлемнің көп елдеріне жайылып, жасырын бизнестің ең қауіпті түріне айналуы қазіргі кездің ең өзекті проблемаларының бірі. Бұл мәселенің шешілуі біздің мемлекетіміз үшін де маңызды.
Еуразия жолдарының қиылысында орналасқан Қазақстанның геосаяси жағдайы есірткі тасымалдау үшін транзиттік дәліз ретінде халықаралық есірткі синдикаттары мен ұйымдасқан қылмыстық топтар үшін, есірткі заттарын орасан зор мөлшерде контрабандалық жолмен тасымалдауға қолайлы екені жасырын емес. Осының салдарынан республикамызда есірткіге тәуелді азаматтар саны айтарлықтай көбейіп отыр.
Нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күресте болашақта жақсы нәтижеге жету үшін, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген халық даналығының негізінде, ең алдымен уәкілетті мемлекеттік органдармен нашақорлыққа қарсы қоғамдық корғаныс қабілетін әлеуметтік иммунитетті (наркоиммунитетті) қалыптастырудың маңызы зор.
Сонымен бірге, баспасөз беттері және электронды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа есірткінің зияны туралы кең көлемде ақпарат бере отырып, есірткі пайдалануға және нашақорлыққа қарсы насихаттау жұмыстарын күшейту қажет деп ойлаймын. Қорыта айтқанда, қылмыстар мен зұлымдық атаулының туындауына әкеліп соқтыратын нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күреске бүгінгі таңда ерекше назар аудару арқылы, мейлінше ықпалды әрі тиімді шараларды үздіксіз жүргізіп отыру баршамыздың басты міндетіміз.