Жұма, 18 Қараша 2022 23:53

ШЫМКЕНТТЕ ЖҮЙКЕ ЖҮЙЕСІ АУРУЛАРЫНЫҢ ПРОБЛЕМАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Клиникалық неврология және психатрияның өзекті мәселелері. Дәл осы тақырып ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан халықаралық конференцияның өзегіне айналды. Ғылыми конференцияны ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас неврологы Сәуле Тұрысбекова ашты.

Шымкент қаласы мен Түркістан облысына қарасты аурухана, емхана дәрігерлерінің, ОҚМА оқытушылары мен студенттерінің басын қосқан ғылыми конференцияға Түркия, Ресей, Ұлыбритания елдерінің невролог, невропатолог, эпилептолог, нейрохирург дәрігер-ғалымдары арнайы шақырылыпты.

— Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы дәстүрлі түрде ғылыми конференцияларды ұйымдастырып келеді. Биыл клиникалық неврология кафедрасының жетекшілігімен халықаралық конференция өтіп жатыр. Ғылыми конференция барысында алыс-жақын шетелдерден неврология саласының жетекші ғалымдары келді. Біз бұл басқосу арқылы неврология ғылымын жан-жақты дамытып, оны емдеу ісіндегі жаңалықтарды бөлісіп, дәрігерлердің, ғалымдардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік беріп отырмыз, - дейді ОҚМА ректоры, медицина ғылымдарының докторы Мырзабек Рысбеков.

Шетелдік дәрігерлер 8 қарашада Түркістан қаласында болып, дәрігерлік қабылдау өткізген. Ресейлік дәрігер-генетик, невролог, нейрофизиолог,м.ғ.к Сергей Курбатов пен ұлыбританиялық невролог, нейрогенетик, профессор Генри Холден жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан науқастарды қарап, оларға дәрігерлік кеңестерін берген. Сондай-ақ, қабылдаудан соң, Түркістан облысы мен қаласының дәрігерлерімен кездесіп, өзара тәжірибе алмасты.

Дәрігерлер 9 қарашада Шымкенттегі Түркістан облыстық ауруханасының базасында бас қосып, жергілікті дәрігерлерге шеберлік сабақтарын өтті. Сонымен қатар, диспансерлік есепте тұратын науқастармен кездесіп, оларға дәрігерлік кеңестерін берді.

— Бүгінгі ғылыми конференцияға шақырту алғаным үшін қуаныштымын. Түркия мен Қазақстан – бауырлас елдер. Медицина саласы бойынша да бір-бірімізбен бөлісетін жаңалықтарымыз көп. Тәжірибе алмасу арқылы ғылыми медицинаның дамуына үлкен үлес қосып, науқастарды емдеудің тиімді әрі оңтайлы әдісін бөлісеміз деген ойдамын, - дейді түркиялық невролог-эпилептолог, профессор Жидем Өзкара.

Айта кетейік, конференцияда неврология, нейрохирургия бойынша ғылыми баяндамалар оқылып, жас ғалымдардың ғылыми жұмыстары мен зерттеулері таныстырылды. Сондай-ақ, ғылыми конференция аясында жүйке жүйесі ауруларының түрлеріне қарай дәрігерлер секцияларға бөлініп, салалық тәжірибелерімен бөлісті. Ал, жүйке жүйесін емдеуге арналған дәрілік препараттар өндіретін еліміздің және шетелдік фармкомпанирялардың өкілдері көрмеге қатысып, өз өнімдерін таныстырды.

 

Оқылды 365 рет