Сенбі, 08 Сәуір 2023 08:00

Шымкент: Ана мен балаға көрсетілетін медициналық қызмет сапасы артады

2022 жылы 1,038 миллиард теңгеге 17 медициналық техника алынып, денсаулық сақтау ұйымдары заманауи жабдықтармен жарақтандырылды. Биыл одан 3 есе көп медициналық қондырғы алу жоспарланған. Оның басым бөлігі ана мен балаға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталмақ.

Шымкентте медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, қызмет сапасын арттыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Денсаулық сақтау ұйымдарына бекітілген талапқа сай 1 емханаға 30 мың тұрғыннан келуі тиіс. Шымкентте бүгінде 45 емхана халыққа қызмет көрсетіп отыр. Яғни, 1 емханаға орта есеппен 26 мың тұрғаннан келіп тұр. Алдағы уақытта жұмыс сапасын арттыру үшін бұл көрсеткішті 24 мың тұрғынға дейін жеткізу көзделген. Медициналық қызмет сапасын арттыру үшін ұйым ғимараттарының жағдайына да көңіл бөлініп отыр. Мәселен, өткен жылы қалалық №2 оңалту орталығы мен №1 емхананың балалар бөлімшесі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Ал, биыл №5 емхана мен №1 клиникалық аурухананың бір бөлігі күрделі жөндеуден өтеді. №1 клиникалық ауруханадағы күрделі жөндеу жұмыс ауқымына қарай 3 жылға жоспарланған. Сонымен қатар, былтыр қалалық балалар ауруханасынан онкогемотология, стоматология бөлімдері ашылған болатын. Биыл офтольмология бөлімін ашу жоспарланып отыр. Ол үшін инфекциялық модульдік орталық ғимаратын балалар ауруханасына бейімдеп, стационарлық орын дайындау жұмыстары жүріп жатыр.

Қаладағы күрделі диагноз қойылған жүкті әйелдер қалалық перинаталдық орталыққа жолданып келеді. Алайда, тұрғындар санының артуына байланысты орталық жүктемесі шамадан тыс артып отыр. Бұл мәселені шешу үшін биыл №2 емханаға қарасты перзентхана бөлімшесінің қызметін 3 деңгейге жеткізу мәселесі қаралып отыр.

Айта кетейік, Шымкент жүрек орталығы да жыл сайын медициналық қызмет сапасын арттыруға ерекше назар аударып отыр. Бүгінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысында алғаш рет ЭКМО, Tavi, LVAD және стент-графттарды имплантациялау сынды жаңа технологияларды қолданысқа енгізу арқылы жоғары мамандандырылған медициналық көмектің үлесі артқан. Мәселен, былтыр орталық қызметіне 5501 адам жүгініп, оның 75 пайызына шұғыл медициналық көмек көрсетілген.

Оқылды 358 рет