Шымкенттегі қалалық №1 клиникалық ауруханасында 200-ші бүйрек трансплантациясы өтті. Бас дәрігер Абылай Абдужаппарұлының жетекшілігімен жасалған ота сәтті аяқталды.
Дәрігерлердің айтуынша, 1986 жылғы рецепиент 6 жылдан бері бүйрек жетіспеушілігімен кезекте тұрып, гемодиализ аппаратына тәуелді болған. Науқастың 1995 жылғы інісі донор ретінде бүйрегін берген. Әдетте, бүйрек трансплантациясы 7-8 сағатқа созылса, №1 клиникалық аурухананың білікті дәрігерлері отаға небәрі 3-4 сағат уақыт жұмсаған.
Екі жүзінші пациентке аурухананың бас дәрігері Абылай Донбай бастаған алтын қолды хирургтер - Ж.Сүйгенбаев, А.Калымбетов, Ұ.Мұканова, Р.Үмбетжанов күрделі отаны жасаса, анестезиолог Қ.Айтуов отаның сәтті өтуіне себепші болды.
Абылай Донбайдың айтуынша, Шымкентте бүйрек жетіспеушілігімен Шымкент қаласы бойынша екі мыңға жуық науқас тіркеуде тұр.
Дәрігерлер алдағы уақытта науқастарға жоғарғы медициналық көмек көрсету жүргізілетінін айтады. Сондай-ақ, Шымкент қаласындағы «Жүрек» орталығында жылдан жылға жоғары технологиялық оталар саны артуда. Былтыр емдеу орталығында 555 науқастың жүрегіне ашық түрде ота жасалған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 100 адамға артық. Ал, былтыр тамыз айында кардиология бағыты бойынша медициналық ұйымда ахуалдық орталық ашылған. Орталық кардиология саласындағы мамандандырылған қызметтердің жұмысына жедел мониторинг жүргізіп, емдеу жұмыстарын жақсартуға мүмкіндік берді. Бұл бағытта 44 амбулатория мен 3 ауруханада кардиологиялық кабинеттер ашылды. Осыған дейін мұнда созылмалы жүрек аурына шалдыққан 8 науқасқа LVAC аппаратын орнату операциясы жасалған. Бұрын мұндай опрерациялар Астана қаласында жасалатын.