Шымкент: Алғашқы екі жайлы мектепте сабақ оқытылуда
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын аясында Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 28 000 орындық 18 мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Оның ішінде 2000 орындық – 8 мектеп, 1500 орындық – 2 мектеп, 1200 орындық – 7 мектеп және 600 орындық 1 мектеп бар. Осы жоба аясында бүгін Шымкентте алғашқы екі жайлы мектептің техникалық ашылуы өтті. “Нұршуақ” шағынауданындағы 2000 орындық жаңа білім беру мекемесіне 1130 оқушы қабылданды. Ал, “Қарабастау” тұрғын алабындағы 1200 орындық мектепте 950 бала білім алып жатыр. Айта кетейік, жайлы мектептердегі сабақ оқу жылының екінші тоқсанынан басталды.
Заманауи мектептерде бастауыш және жоғарғы сынып оқушыларына арналған бөлек блоктар қарастырылып, олардың дамуы мен оқуына қолайлы жағдай жасалған. Бұдан бөлек, ерекше қажеттілігі бар балалар үшін кедергісіз орта ұйымдастырылып, заманауи пәндік кабинеттер, STEM-зертханалары және робототехника сыныптарымен жабдықталған.
Сонымен қатар, қауіпсіздік шараларына ерекше көңіл бөлініп, цифрлық бейнекамералар мен турникеттер орнатылған. Білім беру мекемесінде хореография залы, төрт спорт залы, демалыс аймақтары, воркаут және нетворкинг аймақтары да бар. Мұнда балалар өзара еркін араласып, қызығушылықтарын дамыта алады.
Жалпы, Шымкентте ұлттық жоба аясында 18 қолайлы мектеп ашу жоспарланған.
2022 жылы 46 мектеп ашылса, 2023 жылы 21 мектеп пайдалануға берілген. Оның ішінде 3 мемлекеттік мектептің қосымша ғимараттары мен 19 928 оқушыға арналған 18 жекеменшік мектеп бар. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Шымкент қаласында үш ауысымда оқытатын мектептердің мәселесі толығымен шешімін тапқан. Еске салайық, Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде апатты және үш ауысымды мектеп пен орын тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр.