Шымкент: Халықаралық театр фестивалі ашылды

Шымкенттегі Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында Орталық Азия елдері театрларының IX Халықаралық театр фестивалі өтті. Өнер мерекесіне елімізбен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан, Татарстан, Әзірбайжанның театр ұжымдары қатысты.

Шымкентте ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселесі қаралды

Бүгін Шымкент қаласында Ұлттық бала асырап алу агенттігінің ұйымдастыруымен «Баланың бақытты мекені – Отбасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның мақсаты – Қазақстанда Кәсіби қабылдаушы отбасы институтын енгізу бойынша ақпарат беріп, қатысушылар арасында пікір алмасу болды. Қазіргі таңда бұл институтқа қатысты заң жобасы Мәжілістің жұмыс тобының қарауында.

Шымкент: Алғашқы екі жайлы мектепте сабақ оқытылуда

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын аясында Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 28 000 орындық 18 мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Оның ішінде 2000 орындық – 8 мектеп, 1500 орындық – 2 мектеп, 1200 орындық – 7 мектеп және 600 орындық 1 мектеп бар.  Осы жоба аясында бүгін Шымкентте алғашқы екі жайлы мектептің техникалық ашылуы өтті. “Нұршуақ” шағынауданындағы 2000 орындық жаңа білім беру мекемесіне 1130 оқушы қабылданды. Ал, “Қарабастау” тұрғын алабындағы 1200 орындық мектепте 950 бала білім алып жатыр. Айта кетейік, жайлы мектептердегі сабақ оқу жылының екінші тоқсанынан басталды. 

Заманауи мектептерде бастауыш және жоғарғы сынып оқушыларына арналған бөлек блоктар қарастырылып, олардың дамуы мен оқуына қолайлы жағдай жасалған. Бұдан бөлек, ерекше қажеттілігі бар балалар үшін кедергісіз орта ұйымдастырылып, заманауи пәндік кабинеттер, STEM-зертханалары және робототехника сыныптарымен жабдықталған.

Сонымен қатар, қауіпсіздік шараларына ерекше көңіл бөлініп, цифрлық бейнекамералар мен турникеттер орнатылған. Білім беру мекемесінде хореография залы, төрт спорт залы, демалыс аймақтары, воркаут және нетворкинг аймақтары да бар. Мұнда балалар өзара еркін араласып, қызығушылықтарын дамыта алады.

Жалпы, Шымкентте ұлттық жоба аясында 18 қолайлы мектеп ашу жоспарланған.

2022 жылы 46 мектеп ашылса, 2023 жылы 21 мектеп пайдалануға берілген. Оның ішінде 3 мемлекеттік мектептің қосымша ғимараттары мен 19 928 оқушыға арналған 18 жекеменшік мектеп бар. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Шымкент қаласында үш ауысымда оқытатын мектептердің мәселесі толығымен шешімін тапқан. Еске салайық, Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде апатты және үш ауысымды мектеп пен орын тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр.

 

Шымкент: «Qamqor» өңірлік бағдарламасына өтініштер қабылданып жатыр

«Qamqor» өңірлік тұрғын үй бағдарламасының басталуы, шарттары жөнінде баспасөз брифингі өтті. Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары Көпжан Төлебаев, «Отбасы Банкі» АҚ Шымкент қаласы филиалы директорының орынбасары Еркін Ахыншаев бағдарламаның тиімді тұстарын, азаматтарды баспанамен қамту жұмыстарының барысынан хабардар етті.

Шымкентте «Qamqor» бағдарламасына 8 млрд тенге бөлінді

«Qamqor» тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға 8 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның 5 млрд теңгесін Шымкент қалалық әкімдігі, ал 3 млрд теңгесін Отбасы банк қарастырып отыр. Жалпы 400 азаматты баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған.

Шымкентте «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асуда

Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы өте маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс» - деген болатын.

Осы орайда Шымкент қаласында ұлттық жоба аясында 18 жайлы мектеп ашылады деп жоспарланып, жүзеге асырылуда. Оның 17 300 орындық 12-сі биыл, қалған 6 мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі еп күтілуде.

Бүгінде Республика күнінің қарсаңында алғашқы екі жайлы мектептің техникалық ашылуы болды. Нұршуақ шағынауданындағы жаңа білім беру ғимараты 2000 орынға, ал Қарабастау тұрғын алабындағы мектеп 1200 орынға есептелген. Айта кетейік, бұл мектептерде оқушылар оқу жылының екінші тоқсанынан оқи бастады. 

Нұршуақ шағын ауданында орналасқан №140 жалпы орта білім беру мектебі толық жаңа технологиялармен жабдықталып,сонымен бірге ұстаздар қауымы мен оқушыларға барлық жағдай жасалған. Ата-аналарда жайлы мектеп жобасы аясынан шет қалмаған. Ата-аналар үшін, арнайы күту залы бар. Әр санаттағы оқушылар үшін жас деңгейіне сәйкес спорт зал, асхана, дәретхана, ойын және ас үй бөлмелері қарастырылған. Оқушылар үшін ыңғайлы кітапхана, шығармашылық дағдыны дамытуға көмектесетін мәжіліс залы да бар.

Соңғы жылдары Қазақстанда "Жайлы мектеп" деген ауқымды жоба белсенді жүзеге асырылуда. Заманауи технологиялармен жабдықталған және оқуға ыңғайлы барлық жағдай жасалған жаңа мектептер бүкіл ел бойынша бой көрсетіп жатыр. «Жайлы мектеп» жобасы тек ғимараттарды ғана салып қоймай, әр баланың дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер жасайды. Ал оқуға ыңғайлы жағдайлар – бұл біздің еліміздің болашағына жасалған инвестиция.

 

Шымкент: Жайлы мектептерге жайлы жағдай жасалуда

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында осы мәселеге қатысты бағдарлама ұсынды. 2025 жылға дейін елімізде 800 мыңға жуық баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасалатынын айтқан болатын. Ұлттық жобаның аты – «Жайлы мектеп». 2023 жылы басталатын жоба аясында еліміздің түкпір-түкпірінде заманға сай жаңа мектептер бой көтеруде. Бұл өз кезегінде апатты жағдайда тұрған және үш ауысымды мектептердің де проблемасын шешуге көмектеседі.

Бүгінде жайлы мектеп аты айтып тұрғандай, оқушыға да, ата-анаға да ыңғайлы, қатынауға қолайлы жағдай жасалынып жатыр.

Себебі, жайлы мектепте ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де шешімін табуда. Осыған дейінгі білім ошақтарынан жайлы мектептің бір ерекшелігі осыда. 

Шымкентте де жайлы мектепті көлікпен қамту жағдайы қарастырылған. Нақтырақ айтар болсақ, аталмыш ұлттық жобасыаясында жаңадан ашылып жатқан мектептерді қоғамдық көлікпен қамту мақсатында №122, №191 және №55 автобус маршруттарының сызбаларына өзгерістер енгізілетін болады. 

Яғни, Қарабастау тұрғын алабына қатынайтын №122 және №191 бағыттағы қоғамдық көліктердің сызбасы №142 жалпы орта білім беретін мектебіне дейін ұзартылады. 

№55 автобус маршруты Нұршуақ шағынауданындағы №140 жалпы орта білім беретін мектебі арқылы ұйымдастырылады. 

Айта кетейік, "Жайлы мектеп" пилоттық ұлттық жобасы аясында қалада 2025 жылға дейін 28 000 орындық 18 мектеп салу жоспарлануда. Оның 17 300 орындық 12-сі биыл, қалған 6 мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі. Естеріңізге сала кетейік өткен жылы 15 мектеп салынып,  білім ордасы кеңейтілген еді.