Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында атом энергетикасын дамытудың стратегиялық маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай электр энергиясын артығымен өндіру міндетін қойып, «Балқаш» АЭС-інің құрылысын 2027 жылы бастауды, сондай-ақ «Мойынқұм» АЭС-ін салу жөніндегі ынтымақтастықты жеделдетуді ұсынды. Сонымен бірге шетелдік серіктестерді жоғары технологиялық өндірістер ашуға, тәжірибе беруге және отандық мамандар даярлауға тарту қажеттігін айтты. Президенттің ұстанымы айқын, барлық келіссөз Қазақстанның ұлттық мүддесіне сай жүргізілуі керек. Осы шешімдер атом электр станциясын салу мәселесін алдыңғы шепке шығарды. Ендігі міндет жобаның қажеттілігін ғана емес, оның экономикалық тиімділігін, экологиялық қауіпсіздігін, технологиялық тәуелсіздікке ықпалын және ұзақ мерзімді жауапкершілігін де нақты бағалау.