Сәрсенбі, 07 Маусым 2023 19:11

ВЬЕТНАМДЫҚ ИНВЕСТОРЛАР ШЫМКЕНТКЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ БІЛДІРУДЕ

Вьетнам инвесторлары Шымкентте бірқатар салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын. Шетелдіктер қала аумағындағы ескі көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту, тараптар арасында сауда-саттықты дамыту, құрылыс материалдарын өндіру бойынша бизнес жобаларын ұсынды. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов Вьетнам инвесторларымен кездесіп, тараптар арасындағы ынтымақтастықты дамыту тетіктерін қарастырды. Соңғы жылдары Шымкент қаласы мен Вьетнам мемлекеті арасындағы сауда-экономикалық қатынастар нығайып келеді. Былтыр тараптар арасындағы тауар айналым шамамен 1,7 млн. АҚШ долларына жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда 13 есе артқан.  Бүгінгі таңда мегаполис инвестициялық тартымдылық бойынша республикада алдыңғы орында. Былтыр қалаға 1,2 млрд инвестиция тартылған.Шымкент-Вьетнам арасындағы ынтымақтастықты арттыру мақсатындағы кездесуде тараптардың мүмкіндіктері қарастырылып, инвестициялық жобалар талқыланды. М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға ұсынылған бастамаларды жіті зерделеп, инвесторлармен қолайлы жағдайда жұмыс жүргізуді тапсырды.

 

Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкент қаласына тартылған инвестиция көлемі 84,8 миллиард теңгені құрады. Бұл 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 109,6 пайызға өскенін көрсетеді. Бекітілген межені орындау үшін қалаға тартылатын инвестиция 32 пайызға артуы керек.

Жоспар бойынша биыл 721,7 миллиард теңге инвестиция тартылмақ. 2023-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 1,7 трлн.теңгеге 227 инвестициялық жобалардың базасы жасақталып, осының нәтижесінде Шымкентте тағы 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.  Оның ішінде жыл соңына дейін 129 млрд.теңгені құрайтын 49 инвестициялық жоба іске асырылып,  2500 жаңа жұмыс орны құрылады.

 

Оқылды 234 рет