Аудан басшысы алдымен Көкмардан елді мекеніндегі жасыл аймақта болып, ауыл азаматтарының демеушілігімен егілген көшеттерді аралап көрді. Аталған жасыл аймақта 1000-ға жуық көшет егілген. Қазіргі таңда 800-дей көшет тамырын тереңге жайған. Аудан әкімі аралау барысында көгалдандыру жұмыстарын жандандырудың маңыздылығын айтып, егілген көшеттерді күтіп баптауды назарға алу керектігін ескертті.
Мұнан соң ауыл орталығындағы қайырымдылық қор арқылы салынып жатқан «Көкмардан» мешіті асханасының құрылысымен танысты. Ауылдық ынтымағы мен бірлігін арттыратын қоғамдық іске атсалысқан азаматтарға алғысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі. Одан әрі «Бек» ЖШС-нің жылыжай кешенінің жұмысын көріп, шаруашылық иесінің атқарып жатқан жұмыстарына оң бағасын берді. Аудан басшысы кәсіпкерлік саласын дамытып, жылыжай ісін жандандыруға ниетті еңбексүйгіш азаматтарды қашан да қолдауға дайын екенін жеткізді.
«Себебі, халықты жұмыспен қамтамасыз ету және жұмыссыздықты қысқарту, халықтың табысын арттыру мәселесінде кәсіпкерлік маңызды рөл атқарады. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін өзекті, олардың саны бүгінгі күні еліміздегі жұмыс істейтін азаматтардың басым бөлігін құрап отыр. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды кәсіпкерлік қызметке тарту арқылы біз оларды заңдастыра аламыз, яғни олардың қызметін заңды қыламыз, ең бастысы адамдардың осы санатын тұрақты жұмыспен және табыспен қамтамасыз ете аламыз» - деді аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов.
Аудан әкімі Көкмардан ауылдық мәдениет үйінің алдында ауыл тұрғындарымен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Кездесуде ауыл қариялары Бабаш Әбдіхалықов, Нұрымхан Халық, Рысбай Әбдіхалық, Әбдіманап Қадірқұловтар ауыз су, Шытты елді мекеніне медициналық тірек салу, электр жарығының жиі сөніп қалуы, көшелерді жарықтандыру секілді бірқатар мәселелер бойынша сұрақтарын қойса, Тасыбай Әбсадық жайылымдық жер, Ынталы елді мекеніне балабақша салу, қоқыс қалдықтарын тастайтын шағын полигон салу секілді өтініштерін айтты. Аталған мәселелер бойынша жауапты мекеме басшыларына тапсырмалар беріліп, заңдылығына қарай оң шешімін табуға ықпал жасайтынын атап өтті.
Аудан басшысының кезекті халықпен кездесу жиыны Қоғам ауыл округінде жалғасын тапты. Талапты елдімекеніндегі емхананың құрылысымен танысып, мердігер мекеменің басшылығына құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды. Бұған дейінгі кездесуде ауыл тұрғындарының айтқан өтініші бойынша салынып жатқан емхана ағымдағы жылы қараша айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Құрылыс жұмыстары аяқталған жағдайда емханаға ауысымына 25 адам қабылдауға мүмкіндік бар.
Жалпы Қоғам ауылында 1977 жылы қазақ күресінің қазығы қағылған. Содан бері өткен 46 жылдың ішінде осы күрес үйірмесінен ұлттық спортымыздың көптеген таланттары қанаттанып шықты. Олардың арасында Азия чемпионы атанған, әлем чемпионатының жүлдесін алған саңлақтар бар. Осы мақсатта аудан әкімі Сәкен Асылханұлы Қоғам ауылындағы ауыл азаматтарының демеушілігімен салынып жатқан күрес залынының құрылысын көрді. Ауыл жастарының, ел ағаларының қолдауымен тұрғызылған спорт кешенінің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Аудан басшысы аралау барысында ғимаратты орталық жылуға қосуға ықпал жасайтынын айтып, елге ортақ іске атсалысқан ауыл азаматтарына алғысын айтты.
Одан әрі С.Әшіров мектебінің ауласында ауыл тұрғындарымен кездесіп, өтініштерін тыңдады. Кездесуде ауыл қариялары Н.Әймішов, М.Шырынбеков, К.Өскенбай, Қ.Жұмагелдиевтер ішкі жүйелерге газ тарту, көшелерге асфальт төсеу, елді мекен тазалығы секілді бірқатар мәселелер бойынша сауалдарын жолдады. Аудан әкімі аталған ұсыныс-пікірлерді назарға алып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Ауыз су, жайылымдық жер, жұмыссыздық секілді мәселелер бойынша өтініштерін айтқан тұрғындардың тұрғындарға жауап беріп, заң аясында тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.
Халықты жұмыспен қамту үшін кәсіпкерлік нысандарының ашылуы, оған мемлекеттің ауқымды көмек көрсетуі – заңдылық. Мемлекеттің қолдауынсыз кәсіпкерліктің дамып кетуі көп жағдайда мүмкін емес. Осы үшін де мемлекет билігі 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлегені белгілі. Бұл кәсіпкерлікті дамыту жолында көп жәрдемін тигізетін жоба болады деген сенім мол.
2021 - 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба 10 міндетті көздейді, оның 3-і халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталған: өз ісін ашу және дамыту үшін жағдай жасау, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне дағдыларды дамыту.
1. Бірінші міндет шеңберінде "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүргізіледі, сондай-ақ мемлекеттік тіркеу мерзімі дара кәсіпкер ретінде үш жылдан кем болатын жұмыссыз немесе дара кәсіпкер ретінде грант беруге өтініш берілгенге дейін олар тіркелген жағдайда халықтың әлеуметтік осал топтарына гранттар беріледі.
2. Екінші міндет шеңберінде еңбек нарығында белгілі бір кедергілерге тап болған адамдарды (жұмыссыздар, жастар, мүгедектігі бар адамдар, зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар және т.б.) жұмыспен қамтуға ықпал ететін іс-шаралар іске асырылады.
Оқу орындарының түлектеріне арналған Жастар практикасы, "бірінші жұмыс орны" және "ұрпақтар келісімшарты" жобалары бойынша жұмыс орындары олар алған кәсіп (мамандық) немесе сабақтардың Ұлттық сыныптауышының сол сабақ тобына жататын ұқсас кәсіп (мамандық) бойынша құрылады.
Жастар практикасы алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алуға арналған (қатысу мерзімі 12 айға дейін, субсидиялар мөлшері 30 АЕК (ай сайын).
"Бірінші жұмыс орны" жобасы бірінші рет жұмыс іздеп жүрген жұмыссыздарға жұмыс орындарын және қажетті еңбек дағдыларын беруге бағытталған (қатысу мерзімі 18 айға дейін, субсидиялар мөлшері 30 АЕК (ай сайын).
"Ұрпақтар келісімшарты" жобасы кейіннен зейнеткерлік жасқа толған жұмыскерді ауыстыра отырып, жұмысқа орналастыруға бағытталған (қатысу мерзімі 6 айға дейін, субсидиялар мөлшері 30 АЕК (ай сайын).
Қоғамдық жұмыстар-қызметкерлерді алдын ала кәсіптік даярлауды талап етпейтін, олардың уақытша жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-пайдалы бағыты бар еңбек қызметінің түрлері. Қоғамдық жұмыстарға қатысуға: жұмыссыздар; жазғы демалыс кезеңінде жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары мен студенттері; бос тұруына байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдар (қатысу мерзімі 12 айға дейін, субсидиялар мөлшері кемінде 20 АЕК (ай сайын) құқылы.
Әлеуметтік жұмыс орындары жұмыссыздардың жалақысын субсидиялай отырып, оларды жұмысқа орналастыруға арналған (қатысу мерзімі 12 айға дейін, субсидиялар мөлшері кемінде 20 АЕК (ай сайын).
"Күміс жас" жобасы 50 жастан асқан жұмыссыздардың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған (қатысу мерзімі 36 айға дейін, субсидия мөлшері 30 АЕК-тен аспайды (ай сайын).
Жоғарыда көрсетілген субсидияланатын жұмыс орындарына қатысу үшін мынадай құжаттар қажет: қатысуға өтініш; жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; еңбек кітапшасының көшірмесі (бар болса); білімі туралы құжаттың көшірмесі (аттестат, куәлік, диплом), бар болса оқудан өткенін растайтын құжаттар (куәлік, сертификат).
Жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқыту 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде келесі үш бағыт бойынша ұйымдастырылады.
Біріншіден, жұмыс берушілердің сұранысы бойынша оқу ұйымдарында оқыту.
Оқыту оқытудан өткен адамдарды жұмысқа орналастыруға кепілдік беретін жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша ұйымдастырылады. Ол үшін тараптардың (жұмыспен қамту орталығы, жұмыссыз, жұмыс беруші және оқу ұйымы) арасында тараптардың құқықтары мен міндеттерін көздейтін 4 жақты әлеуметтік келісімшарт жасалады.
Екінші, жұмыс берушіде жұмыс орнында оқыту.
Жұмыс берушілерде жұмыссыздарды жұмыс орнында оқыту білікті тәлімгерді бекіте отырып, кәсіпорындар базасында ұйымдастырылады. Оқу кезеңінде жұмыс беруші жұмыссыздармен еңбек шартын жасасады және оны уақытша жұмыс уақытына жұмысқа орналастырады.
Үшінші, платформада онлайн оқыту skills.enbek.kz.Портал онлайн оқытудың қысқа мерзімді курстарының маркетплейсі болып табылады және сұранысқа ие дағдыларды үйренуге немесе біліктілігін арттыруға ниет білдірген кез келген республика азаматы үшін қолжетімді.
Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін жеңілдетілген шағын несиелеу қарастырылған.Номиналды сыйақы мөлшерлемесі-жылдық 2,5% - дан аспайды. Қарыздың ең жоғары сомасы-кепілмен қамтамасыз етудің міндетті шартымен 5 млн теңгеге дейін. Несиелеу мерзімі мал шаруашылығын қоспағанда, кез келген мақсат үшін 5 жылға дейін (қызметтің осы бағыты үшін – 7 жылға дейін).
Естеріңізде болса, осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын 2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданған болатын. Бүгінде аталмыш жобаны 2029 жылға дейін өзектендіру жұмыстары қаралып, Үкімет тарапынан тиісті тапсырмалар да беріліп үлгерді. Яғни, оны республикалық және өңірлік деңгейлерге бөлу жоспарға алынды, бұл өз кезегінде жергілікті атқарушы органдарды барынша жұмылдыруға сеп болады.
Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде бюджет саласының 1,1 миллионнан астам қызметкерінің, атап айтқанда, 74 мың дәрігердің жалақысы орта есеппен 30%-ға, 600 мың педагог пен мұғалімнің еңбекақысы 25%-ға, 173 мың орта медициналық персонал өкілдерінің жалақысы 20%-ға және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің басқа да санаттарының жалақысы 20%-ға көтерілді.
Сондай-ақ, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың мәліметінше, өңдеу өнеркәсібінде жыл сайын кемінде жүз жобаны іске қосу, 7 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарда бар. Бұдан бөлек, жыл сайын өңдеуші өнеркәсіптің кемінде 7 кәсіпорнының өндірістік қуатын жаңғыртуға 800 млрд теңге инвестиция тартылатын болады.
Алдағы кезеңде қолға алынатын басты бағыттардың бірі – өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында нақты секторларда түрлі жұмыс орындарын құру, «Ауыл Аманаты» жобасы шеңберінде ауыл халқының табы көлемін ұлғайту, ШОБ-қа деген мемлекеттік қолдаудың түрлі шараларын көрсету міндеті тұр. Дәл осы жобаны жүзеге асыру бағытында жеке қосалқы шаруашылықтарға микрокредит беру, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жемшөп дайындау, сервистік-өткізу кооперативтерін ұйымдастыру, лизингтік техникамен және жабдықпен қамтамасыз ету және т.б. жұмыстар іске асырылатын болады. Биыл жобаға өңірлер бойынша 17 мыңнан астам шағын несие беру жоспарымен 100 млрд теңге бөлінген. Бұдан басқа, бюджеттен жалақыны арттыру және азаматтарға жаңа цифрлық сервистер арқылы әлеуметтік қолдаудың белсенді шараларын көрсету жөніндегі шараларды жалғастыру жоспарлануда.
Үкімет жалғастыратын тағы бір бағыт – инфляцияны 2 есе төмендету. Бағдарламаның қорытындысы бойынша ЖІӨ-дегі еңбекақы төлеу үлесі 2029 жылға қарай 41,1%-ға жетеді, жалпы табыстардағы еңбек қызметінен түсетін табыстардың үлесі 86,7%-ды құрайды, 2029 жылға қарай жыл сайын жұмысқа орналастырылатын азаматтардың саны 480 мың адам болады, күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар халықтың үлесі 5%, жұмыссыздық көлемі-4,6% -ды құрайды. Сонымен қатар, алдағы 5 жылда Үкіметке жиынтығында шамамен 125 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағынынқамтамасыз ету міндеті қойылды.
Жалпы, бүгінгі таңда жоғарыда айтылған отырарлық кәсіпкерлер секілді еңбек адамдарының ерлікке толы еңбектерін жалпақ жұртқа паш етіп, елді сондай болмаққа жетелей бергеннің пайдасы өзі үшін де, мемлекет үшән де мол болмақ. Еңбек адамы – әлеуметтік құрылымдардың маңызды бөлшегіне айналуы тиіс. Еңбек идеясы – азаматтық құлшынысты арттырып, қоғамды топтастырушы, идеялық-бағдарлық ұйыстырушыға айнала алады. Қоғамның барлық тобына тән еңбек идеясы адамдарды әлеуметтік мәртебесіне бөліп қарамастан барлығын толық қамтитын әлеуетке ие.
Қарапайым еңбек адамының жұмысы ел экономикасының артуына көп үлес қосатыны анық. Осы тұрғыдан алғанда елімізде қарапайым еңбек адамының рөлі жоғарылай түсуі қажет. Жастар арасында ауылға керекті маман иелері көбірек насихаттала түссе оңды болар еді. Қарапайым еңбек адамдары арқасында экономикалық дағдарысты еңсеруге болатыны даусыз
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»