Жексенбі, 30 Шілде 2023 18:35

ШЫМКЕНТТЕ ҚҰС ҚАЛДЫҒЫНАН БИООТЫН ДАЙЫНДАУ ЖОСПАРЛАНУДА

Шымкентте қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасы негізінде ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету деңгейін арттыру мақсатында биыл бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспары енгізілген. Осыған орай Еңбекші ауданы, Базарқақпа тұрған алабында 28 гектар аумаққа жаңа құс фабрикасы салынып жатыр.  «Аймар құс» деп аталатын құс фабрикасының жалпы инвестициялық құны 4 млрд.теңге. Жоба бойынша 1-ші кезеңде қуаттылығы 220 мың құсқа арналған жеңіл конструкторлы фабрикасы құрылып, жылына 72 млн.дана жұмыртқа өндіріледі.

Қазіргі уақытта тәуліктік балапандарға арналған 2 қора жай мен мекиенге арналған 2 құс қорасының құрылысы аяқталып, толықтай құрал жабдықтары орнатылған. Өндіріс қуаттылығын арттыру үшін қосымша қора жайдың құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Аталған құрылыс осы жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарланған.  Құс фабрикасындағы құрал жабдықтар Германиядан жеткізілген. Жоба толықтай іске қосылғанда 100-ге жуық жаңадан жұмыс орны ашылмақ. Құс шаруашылығында заманауи технологияларды қолдануды қолға алған кәсіпкер алдағы уақытта құстан шыққан қалдықтардан биоотын және биогумус дайындап экологиялық таза тыңайтқыш өндіруді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, қаладағы “Оңтүстік”арнайы экономикалық аймағында мақта аралас және киім маталарын өндіру жобасы іске асырылуда. Жобаның инвестиция көлемі 1 млрд. 980 млн. теңгені құрайды, шамамен 120 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Фабрика жобалық қуаттылығына сай жылына 4 млн.  метр мата шығарады. Кәсіпорын 2024 жылдың наурыз айында іске қосылады деп жоспарланған. Дайын өнімдер ішкі нарыққа және экспортқа шығарылады.Қазіргі уақытта бұл жобаға ЖСҚ әзірленіп, жер бөлу жұмыстары жүргізілуде.Айта кетейік, “Оңтүстік” арнайы экономикалық аймағы жобаларының жалпы құны 163,5 млрд.теңге болатын 56 жобадан тұрады, олар 5 582 жұмыс орнын құруды көздейді. Оның ішінде жалпы инвестиция сомасы 58,4 млрд. теңгеге 35 жоба іске асырылып, бұған дейін 2 507 жұмыс орны ашылды. Ал «Жұлдыз» индустриалды аймағында жыл соңына дейін инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетін бірінші кезекте 31 инвестициялық жоба бар. Жалпы алғанда биылғы жылға инвестициялық әлеует 721 миллиард теңгеге жоспарланған. Жыл басынан бері, яғни нақты айтқанда 2023 жылдың 6 айында 223,6 миллиард теңге орындалды. Жыл соңына дейін 278,6 миллиард теңге инвестиц тарту межеленген. Оның ішінде бюджеттік инвестициядан игерілетіні 217 жобаны құрайтын 112 миллиард теңге.

Оқылды 539 рет